ШҚО-да жүргізуші мас күйінде адам қағып, оқиға орнынан қашып кетті
Жол-көлік оқиғасы салдарынан 20 жастағы жаяу жүргінші қаза тапты
ШҚО-да мас күйінде адам қаққан жүргізуші, оқиға орнынан қашып кетті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy облыстық ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Осы жылдың 11 сәуірінде сағат 20:00 шамасында Көкпекті ауданындағы «Көкпекті-Васильев өткелі» автожолында жол-көлік оқиғасы болды.
«35 жастағы автокөлік жүргізушісі мас күйінде жаяу жүргіншіні қағып, оқиға орнынан ізін суытқан. Жол-көлік оқиғасы салдарынан 20 жастағы жаяу жүргінші ОАА жансақтау бөлімінде қайтыс болды»,- деді ШҚО ПД бастығы Сағат Мадиев.
Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 345-бабы 1 - бөлігі 3-бөлігі бойынша-көлік құралдарын жүргізуші адамдардың абайсызда адам өліміне әкеп соққан масаң күйде жол жүрісі қағидаларын бұзуы және ҚР ҚК-нің 347-бабы бойынша жол-көлік оқиғасы болған жерден кетіп қалуы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Полиция қызметкерлерін қабылдаған шаралармен автомобиль жүргізушісі ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды, «күзетпен ұстау» шарасы қолданылды.
Қазіргі уақытта бірқатар сот сараптамалары тағайындалды, олардың нәтижелері бойынша іс жүргізу шешімі қабылданатын болады.
Сотқа дейінгі тергеу жалғасуда.