Атырауда асылып өлген жігіт жесір әйелмен азаматтық некеде тұрған
Әйелді бір ай бойы қинап келді деген жігіт келіншекпен бірнеше ай бірге тұрған екен
Атырауда жесір әйелді балтамен ұрып, артынан асылып қалған жігіттің туыстары бақилық болған жанға жала жаппасын деп ашынды. Әпкелерінің айтуынша, жәбір көрдім деген әйелмен бауырлары азаматтық некеде тұрған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy КТК телеарнасына сілтеме жасап.
«Біздің үйге келін болды. Үлкен кісілер қатынастарын өзі шешеді ғой. Әкеміз ауру адам. Обырмен ауырады. Ауруханаға барып қаралып жүр. Күнде кешке жұмыстан келіп шәй беріп отырады осылай. Міне, фото бар. Жалған ақпараттың керегі жоқ. Өлер адам өліп қалды», - дейді марқұмның әпкесі Гүлімжан Уытова.
20 сәуірде кішкентай қыздарының көзінше жесір келіншектің басынан балтамен ұрған күдікті кейін өзі асылып қалған. Ол жәбірленушінің қыр соңынан қалмай, бірнеше ай бойы зәбір көрсеткен. Ал қылмыскерді дер кезінде ұстамаған 7 полицей жұмыстан қуылды. Алайда марқұмның жеңгесі қайным ешкімді зорламады дейді. Тіпті әйелді бір ай бойы қинап келді деген жігіт өгей қыздарын бауырына басып, екеуі бірнеше ай бірге тұрған.
«Ондай болатын болса, бес жасар қызды тастап, жұмысқа кете ала ма? Зорлық-зомбылықпен бір ай бойы ұстады дейді ғой. Ал жақсы, полицияға хабарласты, еш шара қолданбады деп жатыр. Егер зорлық-зомбылық көретін болса, ол қалай жұмысқа барады?! Ол жұмысқа барса, көке-ау, жұмыстағыларға жармасып айтпай ма?! Осыла йда осылдай деп. Ол жұмысқа кетеді. Кешке келіп шайын дайындайды. Атасының шайын беріп жүрді», - дейді марқұмның жеңгесі Шұғыла Шарипова.