Алматыдағы құрылыс нысандарының бірінде жұмысшы қаза тапты

Небәрі 19 жастағы жігіттің өліміне қатысты сотқа дейінгі тергеу жұмыстары басталды

Алматыдағы құрылыс нысандарының бірінде жұмысшы қаза тапты

Алматыдағы құрылыс нысандарының бірінде 19 жастағы жұмысшы қаза тапты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қайғылы оқиға туралы Instagram желісіндегі net.zastroyke.almaty парақшасында жарияланды.

«Алматыдағы «Алатау Инвест» құрылыс алаңында небәрі 19 жастағы жігіттің қаза тапқаны туралы қайғыра хабарлаймыз. Бұдан өткен тағы қандай сұмдық жағдай болуы керек еді, айтыңыздаршы? Неге тек мейрамханалар мен барларға ғана тексеріс жүргізіле береді? Сонда құрылыс нысандарының ерекшелігі бар ма еді? Оларға неге тексеріс жүргізілмейді? Енді бір отбасының баласы жұмыстан үйіне ешқашан оралмайтын болды»,- деп жазады автор.        

Аталған қайғылы оқиғаға қатысты Алматы қалалық Полиция департаменті пікір білдірді. 

Қазіргі уақытта жұмысшы өліміне қатысты «Еңбекті қорғау ережелерінің бұзылуы» бабында қарастырылған қылмыстық заңбұзушылық белгілері бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстары басталған.  

«Бүгінгі күні сот-медициналық сараптама тағайындалды. Сондай-ақ аталған факт бойынша Мемлекеттік еңбек инспекциясы және көші-қон басқармасы тексеру жүргізіп жатыр, соның нәтижесі бойынша процессуалдық шешімдер қабылданатын болады», - делінген полиция хабарламасында.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.