Суға батып кеткен теңізшілер экипажы қоштасу видеосын жазған
53 адамнан құралған экипаж суға батып, түгелдей қаза тапқан
Бали аралдарының жағалауында теңізге батып кеткен индонезиялық су асты қайығының экипажы қайғылы жағдайдың алдында «Қош бол» атты әнді орындап, әсерлі видео түсірген. Ал артынша бірнеше аптадан кейін 53 адамнан құралған экипаж суға батып, кемедегінің бәрі көз жұмған. Бұл туралы The Sun ақпараттық агенттігі жазды.
Бейнежазбада теңізшілер көңілді жүздерімен гитараның сүйемелдеуі арқылы «GoodBye» атты әнді орындап отырғандары байқалады. Видеоны Индонезияның әскери командасы жариялаған.
Индонезия билігі жексенбі күні таңертең су астында шамамен 800 метр тереңдікте қайғылы оқиға орнынан хабарлама алғанын айтты.
Визуалды мәлімет алу үшін әскерилер Сингапур тарапы ұсынған құтқару қайығын пайдаланған.
Сондай-ақ, жексенбі күні құтқарушылар кеменің бөлшектерін, экипаж мүшелері киген қорғаныс костюмдерін тапқан.
Суасты қайығы 21 сәуір күні таңертең жауынгерлік торпедалармен жаттығу кезінде радардан жоғалып кеткен. Оны әскери кемелер, ұшақтар және жүздеген әскери адамдар іздеді.
Алайда 25 сәуір күні Индонезия Қарулы күштерінің басшысы Хади Тиаганто экипажды тірідей табуға үміт жоқ екенін айтты.
Индонезия флотының айтуынша, қайық 800 м тереңдікте батып кеткен, бұл оның рұқсат етілген тереңдігінен 200 м артық, сондықтан судың қысымы корпусты қиратып кеткен.