Алматыда жанармай бекетіндегі құдыққа түскен үш жұмысшы уланып қалды
Зардап шеккендер шұғыл түрде ауруханаға жеткізілді
Алматыда жанар-жағармай бекеттерінің бірінің аумағындағы кәріз құдығына түскен үш адам уланып қалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
27 сәуір күні сағат 18.37 шамасында Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің «112» нөміріне Медеу ауданы С.Нұрмағамбетов көшесі, 148/2 мекенжайында орналасқан құдықтың люгіне есептегіш көрсеткіштерін алу үшін коммуналдық қызмет өкілдері түсіп, белгісіз газбен уланғаны туралы хабарлама келіп түсті.
Оқиға туралы шұғыл хабарлама түсе салысымен, қаланың шұғыл қызметтерінің күштері мен құралдары, сондай ақ, «109» құтқару қызметі, ҚР ТЖМ Республикалық жедел-құтқару жасағы, 3 жедел медициналық көмек бригадасы, Медеу ауданы ТЖ басқармасы, Полиция департаментінің қызметкерлері шұғыл жұмылдырылды.
«Авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізу барысында құтқарушылар зардап шеккен үш адамды шығарып алды. Олар дереу жақын маңдағы көпсалалы клиникалық ауруханаға жеткізілді. Зардап шеккендерге барлық қажетті медициналық көмек көрсетілуде. Оқиға қаланың шұғыл қызметтерінің бақылауында, себептері мен мән-жайлары анықталуда», - делінген хабарламада.