ШұғылCOVID-19: Өткен тәулікте 2,5 мың адамнан вирус анықталды

Түркістандағы «ұшатын» театрдың шатырын жел ұшырып әкетті

Әлемде теңдесі жоқ театр бір ай бұрын «Керуен сарай» туристік кешенінде ашылған болатын 

Түркістан қаласындағы бір ай бұрын ашылған «Керуен сарай» туристік кешенінде әлемде теңдесі жоқ ұшатын театрдың шатырын қатты жел қиратып кетті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Әлеуметтік желіде, нақтырақ айтсақ astana.times Instagram-парақшасында жарияланған видеодан қатты жел салдарынан шатыр қаптамаларының қалай ұшып жатқанын көруге болады.

«Жоба авторлары бізді алдамапты. Бұл шынымен де, жұмыртқа пішіндес ұшатын театр болып шықты. Рахмет!», - дейді видеодағы дауыс.

«Алдымен стадион, енді мына театр... Самұрық құстың жұмыртқасы біреудің басын жармаса болды», «Жұмыртқаның қабығы аршылып жатыр, енді балапан шығатын шығар», «Сіздер түсінбей жатырсыздар, бұл осындай желдету жүйесі» деп әзілдеген желі қолданушылары видео астына жарыса пікір қалдыруда.

Еске салсақ, наурыз айында ашылған театр ғимараты Самұрық құстың жұмыртқасы іспеттес пішінде қиял-ғажайып халық аңызына негізделіп жасалған. Халық бұл мәдениет ошағын «ұшатын театр» деп атап кеткен болатын.

«Бәйтеректің бұтағындағы ұясына келіп, киелі Самұрық құс күн бейнелі алтын жұмыртқа салады. Дәл осы алтын түсті алып жұмыртқа пішіміндегі ерекше театрда Бәйтерегіміз сияқты сиқырлы ертегілер еліне, қазақ халқының тарихына жаңа технологиялардың көмегімен, 8D форматта әсерлі саяхат жасауға болады. Еліміздің өткені, бүгінгісі мен келешегінің көрінісі осы театр-музейде көрсетіледі», – деген болатын жоба авторлары.