Семейде былтыр ашылған «Абай жолы» аллеясы қайта жөндеуді қажет етеді
Алматы облысының әкімдігі қаржыландырған жобаға 714 миллион теңге жұмсалған болатын
Семейліктер ойшыл ақынның есімін иеленген аллеяның түнде тас қараңғы екенін айтып наразылық білдірді, деп хабарлайды «Хабар 24».
Тас төсеуіштер мен ойын алаңдарындағы жабдықтар да істен шыға бастапты. Нысан былтыр Абайдың 175 жылдық мерейтойы құрметіне ашылған еді. Жобаны Алматы облысының әкімдігі қаржыландырып, Семей қаласына сый ретінде тарту еткен. Оған 714 миллион теңге жұмсалыпты.
Ұзындығы 2 шақырымнан асатын қаланың сол жағалауындағы бұл нысан бұрын қараусыз, күтімсіз жатқан еді. Былтыр Абай тойы қарсаңында күрделі жөндеу жұмыстары қолға алынып, әп-әдемі демалыс орны пайда болған. Алматы облысының әкімдігі Семей қаласына тарту еткен жобада веложолақ, балалар ойын алаңы бар. Ақынның нақыл сөздері де көрнекі етіп қойылған. Алайда бір жыл болмай жатып, кейбір олқылықтар қалалықтардың наразылығын туғызып отыр.
«Көше шамдары жанбайды, кеспетастар сынып тұр. Аллеяны құрған кезде сапасын тексеріп алу керек шығар, соны дұрыс қадағалап отыратын өкілдер қайда?», - дейді қала тұрғыны Ардақ Сәдуақасова.
«Халық демалуына жақсы-ақ, бірақ әлі бітпей жатыр, міне, жолы жасалған жоқ. Еккен талдар қанша уақыт болды көктем шыққалы, бірде-бір рет суарылған жоқ. Енді қурап қалатын болды ғой, босқа кетіп, зиян болады ғой. Түнде келсек, жарығы жоқ, басында біраз жанған, одан кейін жанбай қалды», - дейді тағы бір тұрғын Сағынай Төлегенов.
«Мына жерлер жанып тұратын. Қазір жанбайды, сырт жағы ғана, жолдың бойы жанады. Жанып тұрса жақсы ғой, жаздыгүні балалар осы жерде ойнайды ғой», - дейді тұрғын Күлия Ержанқызы.
Қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы бөліміндегілер бұл мәселелермен жақсы таныс болып шықты. Қазір жұмысты атқарған мердігер компанияға қатынас хат та жіберіліпті.
«Былтыр мерейтой қарсаңында пайдалануға берілген аллеяны біз өз теңгерімізге қабылдап алдық. Ол кезде барлығы да мінсіз болатын. Ал жарықтандыру және басқа да кем-кетіктер бойынша жақын уақытта тексеру жұмыстары жүріп, көп ұзамай қалпына келтіреміз», - деді қалалық ТКШ бөлімінің сектор меңгерушісі Жанат Шаймұратова.
Тұрғындарды мазалап отырған тағы бір мәселе – аллеяның қос бетіндегі Әуезов даңғылының шаңы аспанға шығып, шұрық-тесік болып жатқаны. Әкімдіктегі жауапты мамандар бұл көшеде биыл қайта жаңғыртылып, асфальт төселетінін жеткізді.