«Тапсырыспен кісі өлтіру»: Нұр-Сұлтанда көлік жүргізушісі ұсталды
27 жастағы ер адамның көлік құралын басқару құқығынан айырылғаны да анықталды
Нұр-Сұлтанда көлігіне «Тапсырыспен кісі өлтіру» деп жазып алған жүргізуші ұсталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Елорда полицейлері әлеуметтік желілерде бақылау жүргізіп, 27 жастағы көлік иесін анықтады. Оның сондай-ақ, көлік құралын басқару құқығынан айырылғаны анықталды.
Жүргізушінің айтуынша, артқы әйнегінде «Тапсырыспен кісі өлтіру» деген жазуы бар көлікті бір ай бұрын Петропавлда сатып алған екен. Алайда ол жазуды сол күйі өшірмепті.
«Құжаттарды тексеру кезінде 27 жастағы жүргізушінің көлік құралын басқару құқығынан айырылғаны анықталды. Техникалық регламент талаптарына сәйкес келмейтін әрекеті және көлік жүргізу құқығы жоқ бола тұра тізгінге отырған жүргізуші ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 590-бабының 5-бөлігі «Көлік құралдарын пайдалану ережелерін бұзу» және 612-бабының 2-бөлігі «Көлік құралын құжатсыз және басқару құқығы жоқ адамның басқаруы» бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды», – делінген ПД хабарламасында.
Қазіргі уақытта көлік коммуналдық автотұраққа қойылды, жүргізуші көлік әйнегіндегі жазуды бірден өшірді.
Өз ісі үшін өкінетінін білдірген жүргізушінің кешірім сұраған видеосы жарияланды.