ШҚО-да мал өсірушілер төрт түліктің терісі мен жүнін өткізетін жер таба алмай жүр

Жыл сайын сойылып жатқан миллиондаған мал терісі мен тонналап қырқылған қой жүндеріне сұраныс жоқ

 

 

 

Шығыс Қазақстан облысында мал басы өсіп келеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бір Зайсан ауданында 80 мыңнан аса ірі қара, 90 мың қой-ешкі, 40 мыңға жуық жылқы бар. Алайда мал өсірушілер төрт түліктің терісі мен жүнін өткізетін жер таба алмай, тонналаған шикізатты далаға лақтыруға мәжбүр. Аймақтағы тері өңдейтін кәсіпорындарды жандандыруға не кедергі? Үкімет осы мәселеге назар аударса дейді шаруалар.

«Зайсан ауданы Шілікті ауылдық округіне қарасты мына шаруашылық осыдан 5 жыл бұрын ашылыпты. Мемлекеттің қолдауымен алынған абердин-ангус асыл тұқымды сиырларының саны қазір 500 басқа жеткен. «Қыстамадан ойдағыдай шықтық, мал төлдету науқаны жүріп жатыр, мұның бәрі зор еңбектің нәтижесі», - дейді шаруашылық жетекшісі Болат Көкенайұлы.

«3 жасар тайыншаны айта кетсек, 450-400 келіге дейін барады. Бірінші санаттағылар 1 тоннаға дейін асып жығылады. Бұл өзінің 2 жыл сайын жаңағы қосатын уақыты бар. Соның бәрін алмастырып отырып, жем-шөбін беретін болсақ, өте жақсы нәтиже береді. Және де бұл мал суыққа төзімді, уақытында жем-шөбін беріп, қадағалап отырса, өте тиімді мал. Үкіметтің берген кезіндегі бағдарламасы бойынша осы малды алдық. Бесінші жыл төлдеп жатыр. Жылдағысын жылда Қазақстанның қалаларынан келіп алады», - дейді шаруашылықтың іс басқарушысы Жанболат Болатов.

Шаруашылықта ірі қарадан өзге 1800 қой, 2 мыңға тарта жылқы бар. Ауылдың 12 отбасы осында еңбек етіп, нәпақа тауып отыр. Жер құрғаса, малдың бәрі жайлауға жылжымақ. Малшы қауымын қинап отырған басты мәселелердің бірі – тері мен жүннің кәдеге аспай жатуы.

«Бір ғана шаруашылық өткен жылы 8,5 тонна жүнді айдалаға лақтыруға мәжбүр болған. Биыл 9 тонна тағы сіресіп тұр, алатын жер жоқ. Ал енді аудан, облыс көлемін есептей беріңіз, қаншама жүн ысырап болып жатыр», - дейді Болат Көкенайұлы.

«Теріні далаға лақтырамыз, күнделікті сойылған теріні. Өйткені өнеркәсіптер жоқ сұранысқа алып, сұрап жатқан. Ысырап болып, далаға лақтыруға мәжбүрміз. Осындайда елімізде үлкен өнеркәсіптер болса дейміз тері өңдейтін. Тері алатын, жүн алатын... Өйткені ол малдың азығы, жем-шөбін айырар еді», - дейді шаруашылықтың іс басқарушысы Жанболат Болатов.

Расында тері мен жүнді өткізетін жер болса, шаруашылықтар көп көрім қосымша пайда табар еді. Осыдан 3 жыл бұрын зайсандықтар қой жүнін іргедегі Қытайға өткізіп келіпті. Қазір оған тыйым салынған, ал былтырдан бері шекара карантинге тарс жабық.

«Жүннің өзі азғантай-ақ бағаланып жатады. Жинап-теріп осы Семейге өткізіп жатады. Ол жерде бағаның төмендігі болғаннан кейін апарған жол шығынын ақтамай жатады. Сол себептен шаруа қожалықтары соған қатысты ұсыныс-пікірлерін айтып жатыр. Келешекте алатын орын ашылып жатса, бір жерден жүнді жинатқызып, ұйымдастырып терісін де жинап өткізіп, ауданда ұйымдастыруға болады. Ол біздің қой малын өсіріп отырған шаруа қожалықтарына өте үлкен көмек болар еді», - деді Зайсан ауданы әкімінің орынбасары Ринат Тауасаров.

Ал бір ғасырлық тарихы бар Семейдегі тері өңдеу комбинаты ұзақ жылдар әртүрлі себептермен тұралап тұрды. Қазір кәсіпорын айына 40 тонна өнім шығарады. Жыл соңына дейін көрсеткішті 10 есеге дейін арттыруды көздеп отыр. Ал тері бағасы сапасына байланысты дейді мамандар.

«Бағасы біріншіден, көлеміне, екіншіден, оның сапасына байланысты. Сонымен қатар қазіргі кезде бір тері бұқа болсын, сиыр болсын, оның бағасы 500 теңгеден 3 мың теңгеге дейін барады. Қойдың терісін әлі алмайды. Бізде оған арнайы техника, құрал-жабдық бар. Бірақ оны қайта жаңғыртып, іске қосу керек. Негізі осы жылдың соңына таман, күзіне таман қосуға тырысамыз», - деді комбинаттың коммерциялық директоры Елжас Көпбаев.

Комбинаттың даму жоспарында болашақта жүн өңдеуді де қолға алу қарастырылған. Оның нақты қашан жүзеге асары белгісіз. Қалай десек те, өкінішке қарай, елімізде осындай кәсіпорындардың жұмысы әзірге мандымай тұр. Сондықтан жыл сайын сойылып жатқан миллиондаған мал терісі мен тонналап қырқылған қой жүндеріне сұраныс жоқ.

 
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.