Шымкентте 5 жасар қызды автобус басып кетті
Бүлдіршін оқиға орнында жан тапсырды
Шымкентте бес жастағы қыз баланы автобус астына түсіп жан тапсырды. Куәгерлердің айтуынша, қоғамдық көлік жүргізушісі кішкентай қызды тіпті байқамаған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Астана телеарнасына сілтеме жасап.
Қайғылы оққиға түскі бірлер шамасында болған. Куәгерлердің айтуынша, кішкентай қыз жолдың қақ ортасында соңғы сәтте жан жағына жалтақтап тұрған екен. Ал әкесінің айтуынша, оның қызын автобус қаққан күйі он метрдей сүйреп кеткен. Көлік жүргізушісі халық шулап, айқайлаған соң ғана тоқтаған.
Оқиға куәгерлерінің бірі жүргізушіні «рөлде наушникпен отырды» десе, енді бірі оның тамақ жеп келе жатқанын көрдік дейді.
Тағы бір куәгерлер сол сәтте бүлдіршіннің жалғыз болғанын, дүкенге кіріп сағыз алғасын базар жаққа қарай бет алғанын баяндады. Ал әкесі қызын «базарға менің жұмысыма келе жатты- ау» деп топшылайды.
«Молдағұлов көшесінде кішкентай қызды қағып кетті дегенді естіп жүгіріп келсем өз қызым. Автобус баллоны езіп жіберіпті. Ішек-қарны ақтарылып жатыр. Мен келер алдын тірі болған екен. Жүргізуші қайда қарады?!!», - дейді марқұм қыздың әкесі Мургумшах Набиев.
147 бағыттағы автобус «T-Bus» компаниясына тиесілі. Алайда бағытқа жауаптылардан қандай да бір жауап алу мүмкін болмады. Ал жолаушылар тасымалына жауапты басқарма өкілдері автобустың жылдамдығы сағатына 40 шақырымнан аспағанын алға тартты.
«Егер жүргізушінің кінәсі анықталып жатса келісім шартты бұзу мәселесі қаралатын болады. ол тергеу амалдары нәтижесіне сәйкес. Сонымен қатар барлық көлік компаниялырына ескертулер жасалды», - деді Шымкент қ. Жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары басқармасының бөлім басшысы Наурыз Сүгірәлиев.
Қазір оқиғаның мән-жайын анықтаумен полиция айналысып жатыр. 1979 жылы туған автобус жүргізушісі қамауда отыр. Егер оның кінәсі дәлелденсе, бес жылға дейін бас бостандығынан айрылуы мүмкін.