$ 521.9  593.5  6.39
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
06.04.2021, 11:56
Оқиғалар

Қарияның жұмбақ өлімі: Таңдай ауылындағы ата-аналар мұғалімнің жұмысқа шығуына қарсы

Атырау облысындағы қарияның жұмбақ өлімі әлі күнге дейін Таңдай ауылы тұрғындарын алаңдатып отыр

Қарияның жұмбақ өлімі: Таңдай ауылындағы ата-аналар мұғалімнің жұмысқа шығуына қарсы
фото: azh.kz

Полиция департаменті Махамбет ауданы Таңдай ауылында қайтыс болған нағашысының мүрдесін сарайында ұзақ уақыт жасырын сақтады деген күдікке ілінген мектеп мұғаліміне қатысты қылмыстық іс қысқартылды деп хабарлады. Ал мектеп оқушыларының ата-анасы сол мұғалімнің мектептегі жұмысын жалғастыруына қарсылық танытып отыр.

Еске сала кетейік, Таңдай ауылының тұрғыны - марқұм Сағынғали Ахберлиев жиен қарындасымен бірге бір шаңырақта тұрып келген. Ауыл тұрғындарының айтуынша, соңғы айларда қарияның бой көрсетпеуі күдік тудырып, басқа да туыстарын алаңдата бастаған. Неге екені белгісіз, ол нағашысының мүрдесін сарайға бірнеше ай сақтап қойған. Тергеу кезінде мұғалім әйел жұмысынан уақытша шеттетілді. Сараптама қорытындысы бойынша нағашысының өз ажалынан өлгені айтылды.

«Істің қысқарғанын біліп отырмыз. Енді мұғалім мектепке келіп жұмысын жалғасытыра ма - оған аудандық прокуратура жауабын береді. Әзірге нақты ештеңе айта алмаймын», - деді Қ. Ахмедияров атындағы орта мектептің директоры Серік Қойбақов.

«Ақ жайық» басылымы редакциясына хабарласқан тұрғындардың бір тобы күдікке ілінген мұғалімнің жұмысына қайта оралуына қарсы екенін білдірді. Осыған қатысты 206 адамның қолы қойылған арыз хат мектеп директорына, Бақсай селолық округі әкіміне, аудандық прокурорға, облыстық білім беру басқармасына, аудандық «Нұр Отан» партиясы филиалына жолданған.

«Ол нағашысының мүрдесін бірнеше ай сарайына неге жасырын сақтағаны, іздеп келгендерге шынын айтпай, анда-мында кетті деп әуре-сарсаңға салуы түсініксіз. Осындай адамның мектепке қайта оралып, біздің балаларға тәлім-тәрбие беруіне қарсымыз. Егер жергілікті құзырлы орындар арызымызды ескермейтін болса, онда Президентке, Білім және ғылым министріне дейін шағымданамыз. Кейбір ата-аналар мұғалім жұмысын жалғастыратын болса, балаларын мектепке беруден бас тартуға дайын отыр», - деп жазған ауыл тұрғындары.

Әзірге күдікке ілінген мұғалімнің мүрдені не үшін ұзақ сақтағанына қатысты, сондай-ақ «зейнетақысын пайдаланды ма? деген сұрақтарға жауап жоқ.  

25 қаңтарда Атырау облысы Махамбет ауданы Таңдай ауылының 82 жастағы тұрғыны Сағынғали Ахберлиевті туыстары жер қойнына тапсырды. Алайда, марқұмның жұмбақ қазасына қатысты қауесет әлі басыла қоймаған. Бірі «жиені нағашысын өлтіріп, бөлшектеп тастапты» десе, екіншісі «ақсақалдың денесін бірнеше ай қорасына жасырын ұстапты» деп жазады.

Серіктес жаңалықтары