ШұғылҚазақстанда тағы 658 адамнан коронавирус анықталды

Таңдай ауылындағы қарияның жұмбақ өлімі: кінәлі жиені ме?

82 жастағы қарияны 25 қаңтарда жер қойнына тапсырды

Фото: azh.kz

25 қаңтарда Атырау облысы Махамбет ауданы Таңдай ауылының 82 жастағы тұрғыны Сағынғали Ахберлиевті туыстары жер қойнына тапсырды. Алайда, марқұмның жұмбақ қазасына қатысты қауесет әлі басыла қоймаған. Бірі «жиені нағашысын өлтіріп, бөлшектеп тастапты» десе, екіншісі «ақсақалдың денесін бірнеше ай қорасына жасырын ұстапты» деп жазады. «Ақ Жайық» тілшісі Таңдай ауылында болып, жағдай қалай болғанын анықтап көрген еді.

Алдымен бұл оқиғаға қатысты Бақсай округі әкімінің міндетін атқарушы Серік Базарбаев пікір білдірді.

«Бұл атышулы оқиға туралы өткен аптада ауылға полиция келгенде естідік. Нақты ештеңе айта алмаймын, құзырлы орындар айналысып жатыр. Марқұм болған ақсақалды ағайын-тумасы Атыраудағы мүрдеханадан әкеліп жерледі. Бір ауылда тұрған соң қарияны жақсы танушы едік. Қарапайым, ешкімге зияны жоқ, өмір бойы совхозда механизатор болып жұмыс істеді, содан зейнеткерлікке шықты. Нағашылы-жиенді болып бір шаңырақта көптен тұрады. Ақсақалдың жиенін үйіне босатты деп естіп жатырмыз», - деді ол.

Ақсақалмен бір отбасында тұратын жиен қарындасы осы ауылдағы мектептің мұғалімі. Қ. Ахмедияров орта мектебінің директоры Серік Қойбақов мұғалім жайында қысқаша ойын айтты.

«Ол біздің мектепте 1997 жылдан биология пәнінің мұғалімі болып жұмыс атқарып келеді. Оқушылары аудандық, облыстық олимпиададан орын алып жүр. Ортада сыйлы. Қазіргі жағдайға байланысты жұмыстан уақытша шеттетілді», - деді ол.

Қайтыс болған Ахберлиев «Жаңа ауыл» көшесінде тұрды. Аты-жөнін айтудан бас тартқан көршілері марқұмның жиен қарындасы жайлы пікірімен бөлісті. 

«Пандемияға байланысты көршілер бір-біріне қатынасудан қалған. Сол себептен ол қарияны қашан көргеніміз есімізде жоқ. Негізі қарт кісі ғой, бірақ жиен қарындасы өлгенін жасырған деп естиміз. Оның рас-өтірігі белгісіз. Ал жиен қарындасының бөтен қылығын көргеніміз жоқ. Қолы ашық, жомарт адам. Үйінде ғой, барып сөйлеспейсіздер ме?», - деп қысқа қайырған.

Әйел екі пәтерлік үйдің бір жағында тұрады. Ол тілшілердің сұрағына жауап беруден бас тартқан.

«Бірнеше жыл бірге тұрдық. Мен ол кісінің туған жиенімін. Ол астма ауруымен ауыратын, 2010 жылдан бері жүрек ауруы бойынша есепте тұр. Ишемиялық ауруы бар, қарттық дендеген, көзі де көріңкіремейтін», - деген марқұмның жиені одан артық ештеңе айта алмайтынын жеткізген.

Ауыл тұрғыны Қадыржан Қазымбекұлы да елді сабырлыққа шақырып, алып-қашпа әңгімеге сенбеуге үндейді. 

«Біз бұл шаңырақты жақсы танимыз. Жиені көп жылдан бері мұғалім болып еңбек етеді, жақсы педагог, сәлемі түзу, елмен жұғысты, әңгімесі дұрыс. Ал оның нағашысы былтырдан бері ауырды, төсек тартып жатқан адам. Үйінде дүние салған, бірақ ол сақталып қалған. Қанша сақталғанын білмеймін. Білуімше, ешкім ұрып-соқпаған. Осы оқиғаға қатысты ауылда әртүрлі әңгіме жүріп жатыр. Біздің тарапымыздан, елдің азаматтары тарапынан жалпы елді сабырлыққа шақырып, алып-қашпа әңгімеге сенбеуге үндейміз. Анық-қанығын заң орындары анықтайды деп есептеймін», - дейді .

Атырау облыстық полиция департаментінің баспасөз хатшысы Мейірім Ердәулеттің айтуынша, бұл оқиға бойынша тергеу жүріп жатыр, сот-медициналық сараптама тағайындалған.