Алматы облысында ірі көлемде балық аулаған браконьер мұз үстінде ұсталды
Күдіктінің көлігін тексеру барысында 300 килограмнан астам балық табылып, тәркіленді

Алматы облысында ірі көлемде балық аулаған браконьер мұз үстінде ұсталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Алматы облысының табиғат қорғау полициясы мен облыстық Балық шаруашылығы және жануарлар әлемі инспекциясының бірлескен рейді барысында Балқаш көлінің Сарқан ауданына қарасты учаскесінде ірі көлемдегі балық аулаған браконьер ұсталды. Күдіктінің балық аулау кезінде қолданыстағы заңмен тыйым салынған тәсілді пайдаланғаны әшкереленді.
«Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 335 бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. 40 жастағы күдіктінің көлігін тексеру барысында 300 килограмнан астам балық табылып, тәркіленді. Сонымен қатар, қылмыс құралы ретінде пайдалану тыйым салынған балық ауы тәркіленді. Күдіктінің мемлекетке үш миллионға жуық материалдық шығын әкелгені анықталды», – деді облыстық ПД ЖПҚБ Табиғат қорғау инспекторы Бағлан Рымжанов.
Тәртіп сақшылары тәркілеген балықтар арнайы қабылдау орындарына өткізіліп, одан түскен қаражат мемлекет пайдасына аударылады.
Естеріңізге сала кетейік, Алматы облысында “Браконьер” жедел алдын алу іс-шарасы 16 қаңтарда басталып, осы айдың соңына дейін жалғасады.