Шымкентте мал ұрлаумен айналысқан шекарашылардың соты басталды
Күдіктілердің кінәсі дәлелденсе, 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін

Шымкентте шекараны қорғаудың орнына, мал ұрлаумен айналысты деген күдікпен ұсталған әскерилер сот алдында жауап бере бастады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy КТК арнасына сілтеме жасап.
Онлайн форматта өткізіліп жатқан сотта алты күдіктінің екеуі – әскери қызметкер.
Сарыағаштағы Ұлттық қауіпсіздік комитетіне қарасты «Дархан» шекара заставасының қызметкері мен «Сарығаш» шекара қызметінің бақылаушысы тағы төрт серігімен жеті сиыр, үш қой мен бір жылқыны барымталады деп айыпталып отыр.
Прокурордың айтуынша, қылмыс былтыр шілде айында басталған. Алты адамнан құралған қылмыстық топ негізінен Келес ауданында жайылып жүрген малды айдап қана қоймай, қорада тұрған төрт түлікке де ауыз салған.
Қарапайым жұртқа келтірілген шығын көлемі 3 миллион теңгеден асады. Күдіктілердің кінәсі дәлелденсе, олар 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.