Алматыдағы аулада баланы футболға арналған қақпа басып қалған оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалды
Оқыс оқиғадан кейін бала жансақтау бөліміне жеткізілген
4 сәуірде Алматының Әуезов ауданында ойын алаңында 5 жасар бүлдіршінді футболға арналған қақпа басып қалды. Салмағы ауыр спорт құрылғысы ойнап жүрген баланың беліне құлаған. Роман Носаченко кеше ес-түссіз жағдайда ауруханаға жеткізілген.
Алматы қаласы Полиция департаментіндегілер бұл оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді. Қылмыстық іс сотқа дейінгі тергеп тексерудің бірыңғай тізіліміне ҚК-ның 306-бабы бойынша (Қауiпсiздiк талаптарына сай келмейтін тауарларды шығару немесе сату, жұмыстарды орындау не қызметтер көрсету) енгізілген.
Алматы қалалық балалар шұғыл медициналық жәрдем орталығының мамандары баланың жағдайы ауыр екенін айтты. Бірақ есін жиған. Көптеген дене жарақаты бар.
Әуезов ауданының әкімі Сайран Сайфеденов жағдайдан хабардар екенін айтып, нысанды салған мердігер компанияның басшыларын іздеп жатқанын хабарлады. Футбол алаңы тұрғындардың игілігіне осыдан 5 жыл бұрын берілген.
Әуезов ауданы коммуналдық шаруашылық бөлімінің жетекшісі Азат Кәкетаевтың хабарлауынша, 2016 жылы №8 ықшамауданындағы №79 үй бойынша ойын алаңын, футбол алаңын жақсарту және сыртқы жарықтандыруды орнату жұмыстары жүргізіліп, содан кейін ойын алаңы мен футбол алаңы күтіп ұстау үшін «Управление домами-14» пәтер иелерінің тұтынушылар кооперативіне берілген.
Сондай-ақ 2020 жылы осы мекен-жай бойынша аулаға EC-EnergyQazaqstan» ЖШС мердігер компаниясы келісімшартқа сәйкес ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізген. Тапсырыс берушісі - Әуезов ауданы әкімінің аппараты. Смета бойынша, ойын алаңының резеңке жабындысын ауыстыру және сыртқы жарықтандыру құрылғыларын ауыстыру жұмыстары жүргізілген.