ШұғылҚазақстанда өткен тәулікте 2443 адамнан коронавирус инфекциясы анықталды

Алматыда мердігердің салғырттығынан 5 жасар баланы футболға арналған қақпа басып қалды

Бала жансақтау бөліміне жеткізілген

Алматының Әуезов ауданында ойын алаңында 5 жасар бүлдіршінді футболға арналған қақпа басып қалды. Салмағы ауыр спорт құрылғысы ойнап жүрген баланың беліне құлаған. Роман Носаченко кеше кешкісін ес-түссіз жағдайда ауруханаға жеткізілген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Баланың ата-анасының айтуынша 2016 жылы салынған футбол алаңында қақпаның екеуі де беріктендірілмеген. Яғни жерге де, алаңды қоршап тұрған тор қоршауға да бекітілмеген. Бала қазір Алматы қалалық балалар шұғыл медициналық жәрдем орталығының жансақтау бөлімінде жатыр.  Зардап шеккен баланың әкесі Антон Носаченконың айтуынша, оқиға болғанда бүлдіршіннің анасы қасында болмаған. 

«Мен жапа шеккен баланың әкесімін. Оқиға кешке сағат 7-лер шамасында болды. Дала жарық болатын. Әдеттегідей он шақты бала осы алаңда ойнап жүрген. Бірақ белгісіз жағдайда қақпа баланың үстіне құлаған. Айғай-шу болып кетті. Ауыр қақапаны құлатып жіберетіндей, мұнда жасы үлкен балалар болмаған. Не жағдай болғанын анықтап жатырмыз. Оның ағасы бізге жүгіріп келіп айтты. Келсек, оның аузынан қан ағып жатыр. Оны ес-түссіз күйде жедел жәрдем қызметі алып кетті. Содан бері жансақтау бөлімінде жатыр. Бұл алаңның салынғанына 5 жыл болды. Енді баламыздың денсаулығына жауап беретін кім бар? Қазір оның сауығуын тілеп, кешелі бері дәрігерлерден жақсы жаңалық күтіп жүрміз. Дәрігерлер қазір баланың ота жасауға жарамайтынын айтты», - деді Алматы қаласының тұрғыны А. Носаченко.

5 жасар бала зардап шеккен орынға полиция келіп, қазір оқиғаны тіркеуге алған. Ал Алматы қалалық балалар шұғыл медициналық жәрдем орталығының мамандары баланың жағдайы ауыр екенін айтты. Бірақ есін жиған. Көптеген дене жарақаты бар.  

«Роман Носаченко 2016 жылы туған. Ол балаға бір сағат бұрын, бізге келердің алдында темір қақпа құлаған. Футбол қақпасы. Көптеген жарақаттармен жедел жәрдеммен келді. Бірден реанимациялық бөлімге жатқызылып, барлық тексеріс жасалды. Бас минының компьютерлік томографиясы жасалды. Аяқ-қолы рентгенге түсірілді. Балаға 4 маман жұмылдырылды. Бас-миында жарақат жоқ. Бірақ қатты соққыдан сол сан сүйегі сынған. Жарақаттары таңылды. Қазір баланың жағдайы бірқалыпты ауыр. Әзірге ота жасау мүмкін емес. Алдағы аптада ота жасалуы мүмкін. Көкірегіне де тексеру жүргіземіз. Жұлын-омыртқалары сау», - деді Алматы қалалық балаларға шұғыл медициналық көмек көрсету орталығының қабылдау бөлмінің меңгерушісі Мейіржан Құрманалиев.

Әуезов ауданының әкімі Сайран Сайфеденов жағдайдан хабардар екенін айтты. Қазір нысанды салған мердігер компанияның басшыларын ізеп жатқанын хабарлады. Футбол алаңы тұрғындардың игілігіне осыдан 5 жыл бұрын берілген. Аудан басшысы қауіпсіздік шараларының сақталмауы бойынша кінәлілер анықталатын болатынын жеткізді.

Әуезов ауданы коммуналдық шаруашылық бөлімінің жетекшісі Азат Кәкетаевтың хабарлауынша, 2016 жылы №8 ықшамауданындағы №79 үй бойынша ойын алаңын, футбол алаңын жақсарту және сыртқы жарықтандыруды орнату жұмыстары жүргізіліп, содан кейін ойын алаңы мен футбол алаңы күтіп ұстау үшін «Управление домами-14» пәтер иелерінің тұтынушылар кооперативіне берілген.  

Сондай-ақ 2020 жылы осы мекен-жай бойынша аулаға EC-EnergyQazaqstan» ЖШС мердігер компаниясы келісімшартқа сәйкес ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізген. Тапсырыс берушісі - Әуезов ауданы әкімінің аппараты. Смета бойынша, ойын алаңының резеңке жабындысын ауыстыру және сыртқы жарықтандыру құрылғыларын ауыстыру жұмыстары жүргізілген.

Ришат Асқарбекұлы, Алматы