«Жүргізуші ес-түссіз жатыр»: Алматыда жедел жәрдем көлігі апатқа ұшырады
Әлеуметтік желіде жол-көлік апаты болған жерде түсірілген видео тарады

Алматыда Сейфуллин көшесі мен Райымбек батыр даңғылында жедел жәрдем көлігі мен жеңіл көлік соқтығысты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Әлеуметтік желіде жол-көлік апаты болған жерде түсірілген видео тарады. Куәгерлердің айтуынша, жеңіл көліктің жүргізушісі жолдан бұрыла берген сәтте оған жедел жәрдем көлігі келіп соғылған.
«Жеңіл көліктің жүргізушісі ес-түссіз жатыр», - дейді видео авторы.
Алматы қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметі оқиғаның 5 сәуір күні болғанын растады.
«Hyundai H 350 автокөлігінің жүргізушісі Сейфулин даңғылымен оңтүстік бағытта келе жатып «ВАЗ 2115» автокөлігімен соқтығысты. Жол-көлік апаты салдарынан 1996 жылы туған «ВАЗ 2115» жүргізуші зардап шекті. Дәрігерлер тексергеннен кейін ол сол жерде қалды», - деді Алматы қалалық ПД тергеу басқармасының бастығы Олжас Шәріпов.
Қазіргі уақытта аталған дерекке қатысты Алмалы аудандық полиция басқармасы тергеу жұмыстарын жүргізіп жатыр.