Павлодарда блокбекетте полицейге пара беруге тырысқан тұрғын сотталды

Оқиға өткен жылдың желтоқсан айында болған

Павлодарда блокбекетте полицейге пара беруге тырысқан тұрғын сотталды
Фото: ашық дереккөзден

Павлодарда блокбекетте полицейге пара беруге тырысқан тұрғын сотталды, деп хабарлайды  Pavlodarnews.kz.

Қылмыстық іс материалдары бойынша, 2020 жылдың 5 желтоқсанында түн ішінде Ақсу зауыттарының бірінің 21 жастағы слесары Павлодар облысында санэпидситуацияның нашарлауына байланысты Кенжекөлде қойылған санитарлық блокбекетке жақындаған.
Жас жігіт өзінің ВАЗ-21140 көлігінде ағасын Ақсу қаласына жеткізіп тастамақ болған.

Алайда ағасының блокбекетті кесіп өту үшін заңды негіздері мен тиісті анықтамасы болмаған. Сондықтан слесарь кезекші полиция қызметкеріне кедергісіз жүру үшін екі мың теңге ұсынған.
Павлодар полиция басқармасы патрульдік полиция батальоны қызметінің инспекторы бас тартып, лауазымды тұлғаға пара бергені үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылғаны туралы ескерткен.

Дегенмен оның сөздерін елемеген жас жігіт қызметтік күртешенің сыртқы қалтасына екі мың теңге салып  жіберген. Полиция қызметкері болса, жігіттің қолынан ұстап, блокбекетке жеткізген.

«Ақсу қаласының тұрғыны ҚР ҚК-нің 24-бабының 3-бөлігі-367-бабының 1-бөлігінде көзделген қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танылсын және оған 7,5 есе пара мөлшерінде 15 мың теңге сомасында айыппұл түрінде жаза тағайындалсын. Сондай-ақ ол өмір бойы мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан айырылады», - деп хабарлады Павлодар қаласының №2 сотында.

Бұдан басқа, сотталған адам жәбірленушілерге өтемақы қорына 15 АЕК немесе 41 670 теңге мөлшерінде мәжбүрлі төлем аударады.

Естеріңізге сала кетейік, Mitsubishi L200 автокөлігінің жүргізушісі полицияның блокбекетке бағынбағаны үшін уақытша ұстау камерасына түскен болатын. Полиция қызметкері құжаттарды тексеру кезінде жүргізушіге қауіпсіздік белдігін бекіту туралы ескерту жасаған. Ол агрессивті түрде жауап беріп, полиция қызметкеріне әдепсіз тіл тигізген. 

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.