Павлодарда көктемгі демалыста мас күйде жүрген 10 жасөспірім ұсталды
Рейд барысында 49 баланың түнгі уақытта көшеде жүргені анықталды
Жасөспірімдер қылмысының алдын алу және ескерту мақсатында 2021 жылғы 20-30 наурыз аралығында «Көктемгі каникул» жедел алдын алу іс-шарасы өткізілді, деп хабарлайды Рavlodarnews.kz.
Облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, рейд барысында заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз, түнгі уақытта тұрғын үйден тыс жерде болған кәмелетке толмаған 49 бала анықталған. Барлық ата-аналарға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 442-бабы 2-бөлігі бойынша әкімшілік іс қозғалды.
«Сондай-ақ қоғамдық орындарда мас күйде болған кәмелетке толмаған 10 бала ұсталды. Осы заңбұзушылық үшін жасөспірімдердің заңды өкілдеріне қатысты ҚР ӘҚБК 440-бабы бойынша әкімшілік іс қозғалды. Мысалы, сағат 23.20-да Теплов көшесінде 15 жастағы жасөспірім ұсталды. Әңгіме барысында алкогольдің өткір иісі шығып тұрды. Полиция бөліміне жасөспірімнің ата-анасы шақырылып, олардың қатысуымен куәландырылды», - деді Павлодар қаласы ювеналды полициясының аға инспекторы Руслан Сүлейменов.
Мамандардың айтуынша, жасөспірім орташа мас күйде болған. Анасына қатысты ҚР ӘҚБК 440-бабы 2-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама толтырылды.
«Профилактикалық іс-шараны өткізу кезеңінде Павлодар қаласының полиция қызметкерлері 69 әкімшілік құқықбұзушылықты анықтады. Кәмелетке толмаған 7 бала және әлеуметтік жағдайы төмен 16 отбасы алдын алу жұмыстарын жүргізу үшін бақылауға алынды. Бұдан басқа, кәмелетке толмағандарды тәрбиелеумен тиісті түрде айналыспайтын заңды өкілдерді анықтау бойынша жұмыс жүргізілді. ҚР ӘҚБтК-нің 127-бабы бойынша кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу және (немесе) білім беру, құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі міндеттерді орындамағаны үшін 11 ата-ана жауапқа тартылды», - деп атап өтті Руслан Сүлейменов.