Алматыда аса ірі көлемде алтын контрабандасымен айналысқан қылмыстық топ ұсталды
Тәркіленген алтын мемлекет кірісіне айналдырылды
Алматыда аса ірі көлемде алтын контрабандасымен айналысқан қылмыстық топ ұсталды. Қылмыстық әрекетті Алматы қаласы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің қызметкерлері ҰҚК қызметкерлерімен бірлесіп тоқтатты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Тергеу барысында зергерлік бұйымдарды сату саласындағы екі кәсіпкердің «Алматы-Анталия» әуе рейсі арқылы 68 млн теңгеге жалпы салмағы 3,1 кг бірнеше алтын құймаларын тасымалдауға тырысқаны анықталды. Экономикалық контрабандаға әуе компаниялардың бірінің екі қызметкері көмектескен.
Сот үкімімен айыпталушылар экономикалық контрабанданы алдын ала сөз байласу арқылы аса ірі көлемде жасағаны үшін кінәлі деп танылды.
Екі ұйымдастырушыға әрқайсысына 3,3 млн теңге айыппұл түрінде, екі сыбайласқа – 100 сағатқа мәжбүрлі еңбекке тарта отырып, бостандығын 1 жыл мерзімге шектеу түрінде жаза тағайындалды.
Тәркіленген алтын мемлекет кірісіне айналдырылды.