$ 498.55  524.28  4.75
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
31.03.2021, 10:44
Оқиғалар

Атыраулық аналар жемқорлық күдігіне ілінген шенеунікті қорғау үшін Тоқаевтың атына петиция жолдады

Басты талап - қылмыстық қудалауды тоқтату және шенеунікті бұрынғы лауазымында қалдыру

Атыраулық аналар жемқорлық күдігіне ілінген шенеунікті қорғау үшін Тоқаевтың атына петиция жолдады
фото: azh.kz

30 наурызда Атырау облысы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес басқармасы ғимаратының жанына 20-ға жуық әйел жиналды. Олардың барлығы Атырау қаласының тұрғындары - мүгедек баласы бар аналар мен көп балалы әйелдер. Бұл туралы azh.kz хабарлайды. 

Олар жақында ғана жемқорлық қылмысын жасады деген күдікпен қамауға алынған облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бастығы Серік Қамидолланы қолдап петиция жазып, қол жинап жатыр. Басты талап - қылмыстық қудалауды тоқтату және Қамидолланы бұрынғы лауазымында қалдыру.

Осы жерде біз 28 наурызда облыстық сот ғимаратында және сол күні кешке Атырау қалалық полиция басқармасында Жылыой ауданының бір топ тұрғындарымен бірге осындай талаппен жиналған бірнеше әйелді кездестірдік. Бұл, атап айтқанда, Атыраудың тұрғыны Сандуғаш Көкенова. Оның айтуынша, президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына жолдайтын петицияға қол жинау дәл осы жерден басталып, кейін ол ғаламторда жарияланады.

- 4 мыңға жуық қол жинауды жоспарлап отырмыз, - дейді үш баланың анасы, қазір жұмыссыз жүрген Сандуғаш Көкенова. Көпбалалы ана Динара Құдайбергенованың айтуынша, әйелдердің көбі жұмыста немесе баламен отыр, тек осыған байланысты олар мұнда келе алмады.

«Біз Серік Қамидолланың кінәсіз деп табылып, босатылуын талап етеміз», - дейді Д.Құдайбергенова.

Кейін әлеуметтік желіде ҚР Президентінің атына жолданған петицияның мәтіні пайда болды. Қысқаша айтсақ, онда мемлекет басшысына бұл мәселені өзінің ерекше бақылауына алуға өтініш білдірген. Өйткені жергілікті халық «өзіне мұқтаж адамға әрдайым қол ұшын беріп, көмекке келген» «ақ жарқын адамның» тұтқынға алынғанына алаңдаулы. 

«Ол арамдық ойлайтын адам емес» - деп есептейді. Авторлар сондай-ақ Қамидолланың қылмыстық қудалауын оның шетелдік жұмыс күші үшін «4-ші категорияны» жойып, сол арқылы жергілікті жұмыссыздарға жұмыс орындарын ашқанымен тікелей байланыстырады. Сөйтіп біреудің «пайда көріп» отырған тетігін жауып тастады. «Қасым-Жомарт Кемелұлы, біз әділеттілікті сұраймыз! Өйткені, бұған біздің Конституция кепілдік береді!» - деп аяқталады бұл құжат.

Серіктес жаңалықтары