Кәсіпкер мен ғарышкер арасындағы дау: Тоқтар Әубәкіров өзіне тағылған айыпқа жауап берді
Халық қаһарманы қолына тіпті қару алмағанын айтты

17 наурызда жеке кәсіпкер Батыр Сейкенов Facebook желісінде пост жариялап, қазақтан шыққан тұңғыш ғарышкер Тоқтар Әубәкіров жайлы «ғарышке ме, браконьер ме?» деген жазба қалдырды.
Кәсіпкер бұл сауалды Экология министрі Мағзұм Мырзағалиев пен Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетовке жолдап, ерекше қорғалатын табиғи аумақ - «Алтын дала» резерватында қасқыр атуға Халық қаһарманының рұқсаты бар ма?» деген сұраққа жауап іздеді.
Оқи отырыңыз: «Ғарышкер, әлде браконьер?». Экология министрлігі Тоқтар Әубәкіровке қатысты пікір білдірді
Батыр Сейкеновтің сөзіне сенсек, қазақтан шыққан тұңғыш ғарышкер Тоқтар Әубәкіров «Алтын дала» резерватының аумағына ат басын тіреп, аң аулаған. Ал резерват басшылығы бұл күндері табиғи аумақта ешкім болмағынан айтып ақталды.
«Мен өзім ешкімді көрген жоқпын. Тоқтар Әубәкіровті де көрген жоқпын. Неге менің өтірік айтуым керек? Бір-ақ ауыз сөз – көрген жоқпын. Бұл территорияға кіруге ешкімге рұқсат жоқ. Басқа ештеңе айтпаймын», - деді «Алтын дала» резерваты директорының міндетін атқарушы Дүйсеғали Айтбаев.
Ал, Халық қаһарманы Тоқтар Әубәкіров Торғай жаққа барғанын жасырған жоқ. Алайда, Astana TV тілшілеріне берген жауабында нақты қай аумақта болғанын айтпады. Тіпті, ғарышкер аң атпақ туралы ойы болмағанын айтты.
«Мен барғанмын. Оны әкім де, бәрі де біледі. Қолыма мылтық та алған жоқпын. Ойлаған ғой өзі (Батыр Сейкенов – ред.) соның аумағына кірді деп. Сосын не істейді? Мәселені көтеріп, айқау-шу жасаған. Не істесе де, өзі біледі. Мен оған мән бергім келмейді», - дейді ғарышкер.
Халық қаһарманы Батыр Сейкеновті жақсы білетінін, тіпті кезінде оған қолдау көрсетіп, қолтығынан демегенін айтты.