«Ғарышкер, әлде браконьер?». Экология министрлігі Тоқтар Әубәкіровке қатысты пікір білдірді
Халық қаһарманы биыл үш рет қасқыр аулауға өтінім берген
Экология министрлігінің баспасөз қызметі ҚР Халық қаһарманы, қазақтан шыққан тұңғыш ғарышкер Тоқтар Әубәкіровтің Қостанай облысындағы «Алтын Дала» резерваты аумағында аң аулауы туралы әлеуметтік желіде тараған ақпаратқа қатысты түсініктеме берді.
Облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы хабарлағандай, биыл Тоқтар Әубәкіров «саны реттеуге жататын жануарлар түрлерін (қасқыр) алу» қызметін алуға 3 рет өтінім берген. Барлық өтінімдерге дәлелді бас тарту берілді. Сондықтан, өтініш иесіне бұл аумақта аң аулауға рұқсат берілмеген.
«Браконьерлік фактілері туралы хабарланғаннан кейін резерватта мобильді топ құрылды, онда рейдтік іс-шаралар өткізіледі. Қазір бөтен адамдар байқалмаған, бірақ резерват аумағынан кіру және шығу іздері табылды», - делінген министрлік таратқан хабарламада.
Рейдтік іс-шаралар жалғасуда.
Айта кетейік, «Алтын дала» резерваты - ерекше қорғалатын табиғи аумақ және бұл жерде аң аулауға заңмен тыйым салынған. Сондықтан мұндай аумақтардағы аң аулау әрекеттерінің кез-келген көрінісі браконьерлік іс болып саналады. Естеріңізге сала кетейік, ҚР Қылмыстық кодексіне сәйкес ЕҚТА-ға заңсыз аң аулағаны үшін ең жоғарғы жаза - мүлкін тәркілей отырып, 3 жылдан 6 жылға дейін бас бостандығынан айыру.
Еске сала кетейік, 17 наурызда жеке кәсіпкер Батыр Сейкенов Facebook желісінде пост жариялап, қазақтан шыққан тұңғыш ғарышкер Тоқтар Әубәкіров жайлы «ғарышке ме, браконьер ме?» деген жазба қалдырды.