ШұғылҚазақстанда коронавирусты қайта жұқтыру бойынша 800-ге жуық жағдай тіркелді

Алматылық алаяқ клиенттерден 300 мың теңгеге дейін алдын-ала төлем алған

Қазіргі уақытта күдікті қамауға алынды

Фото: ашық дереккөзден

Петропавлдық полицейлер Instagram арқылы бірнеше рет алаяқтық қылмыс жасады деген күдікпен Алматы қаласының 31 жастағы тұрғынын ұстады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап. 

Петропавл қаласы Полиция басқармасына қала тұрғындарынан интернет-алаяқтық фактілері туралы бірнеше арыз келіп түскен. Қаскөй жәбірленушілерді Instagram әлеуметтік желісіндегі жалған интернет-дүкен парақшасы арқылы алдаған. Парақшаның әкімшісі қымбат тұратын әйелдер киімі мен бұйымдарды сататынын хабарлап, клинеттерден алдын-ала төлем жасауын сұраған. Ал артынша сол күйі кері байланысқа шықпаған.  

«Көп жағдайда әйелдер алданып қалған. Instagram әлеуметтік желісіндегі “Modnyi Store” парақшасынан киімге тапсырыс беріп, алдын ала төлемді аударған. Жіберілген сома әр түрлі: 10 мыңнан 300 мың теңгеге дейін. Қаржы шотқа түскеннен кейін қаскөй байланысқа шығуды қойған», – деді полицейлер. 

Криминалдық полиция қызметкерлері күдіктіні жедел тексеріс кезінде анықтады. Ол Алматы қаласының тұрғыны болып шықты. Петропавлдық жедел уәкілдер алаяқты Теміртау қаласының аумағында ұстады. 

«Қазіргі уақытта күдікті қамауға алынды. Іс материалдарында Петропавл қаласы бойынша 13 эпизод тіркелген. Полицейлер тауар мен қызметтерге алдын ала төлемді талап ету – интернет-алаяқтардың жиі пайдаланатын амалы екендігі туралы ескертеді және тауардың барына көз жеткізбей, алдын ала төлемді жібермеуге шақырады», - делінген хабарламада.