Аршалы кентіндегі колонияда тұтқындардың жаппай төбелескені рас па?
Нұр-Сұлтан қаласы бойынша ҚАЖД баспасөз қызметі колонияға жедел жәрдем көлігінің не үшін барғанын түсіндірді
Әлеуметтік желіде ЕЦ-166/5 төтенше қауіпсіздік мекемесінде тұтқындардың жаппай төбелесінен кейін әскер енгізіліп, тінту жүргізілгені туралы ақпарат тарады. Алайда, бұл ақпаратты Нұр-Сұлтан қаласы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіндегілер теріске шығарды.
Кейбір желі қолданушылары мекеменің алдында тұрған жедел жәрдем көлігін көріп, онда жаппай төбелес болып, әскер тартылған және тінту жүргізілді деп ойлаған. Шын мәнінде, дәрігерлер колонияға созылмалы ауруы бар сотталушыға көмектесу үшін барған.
«17 наурыз таңғы сағат 06:30 шамасында Нұр-Сұлтан қаласы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің ЕЦ-166/5 төтенше қауіпсіздік мекемесінің қызметкерлері бронх демікпесімен ауыратын сотталушы Ж.-ға медициналық көмек көрсету үшін жедел жәрдем шақырылғанын хабарлаймыз. Медициналық көмек сол жерде көрсетілді. Қазір оның жағдайы қанағаттанарлық», – деп хабарлады Нұр-Сұлтан қаласы бойынша ҚАЖД баспасөз қызметі.
Департаменттегілердің айтуынша, Қазнет пайдаланушылары айтып отырған колониядағы тінту жұмыстары жоспарлы түрде жүргізілген және оның жедел жәрдемнің оған еш байланысы жоқ.