Қоғамдық орында маска тақпаған Өскемен әкімі неге айыппұлдың жартысын ғана төледі?
Департамент өкілдері себебін түсіндірді
Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омар мен Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакова карантин режимін бұзғаны үшін айыппұл төледі. Бұл туралы қала әкімінің кеңесшісі Әлібек Тұрсымбетов мәлімдеді.
ШҚО санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті қызметкерлерінің Altaynews порталына берген жауабында Өскемен әкімінің айыппұлдың тек жартысын төлегені айтылған.
Департамент өкілдерінің мәлімдеуінше, оған жеке тұлға ретінде 30 АЕК (87 510 теңге) көлемінде айыппұл салынған. Ал қала әкімі 43 755 теңге (15 АЕК) төледі.
«Айыппұл бір апта ішінде төленген жағдайда 50% жеңілдік жасалады», – деп түсіндірген департамент өкілдері.
Еске сала кетейік, өткен аптада мәнерлеп сырғанаудан Өскемен қаласында өткен қалалық мектептің фестивалі кезінде түсірілген фотосурет әлеуметтік желіде тарап, көпшіліктің сынына ұшырады. фотосуретте «Өскемен көлік компаниясы» ЖШС директоры Михаил Чайка, қоғам белсендісі Елена Березинская-Абилова және Жақсылық Омар көрермен ретінде отыр.