Түркістан облысында 1 жарым тонна қияр ұрламақ болған ер адам қылмыс үстінде ұсталды
Бүгінгі таңда күдіктіге қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр
Түркістан облысының полицейлері 1 жарым тонна қияр ұрламақ болған күдікті азаматты қылмыс үстінде ұстады, деп хабарлайды Polisia.kz.
Ордабасы АПБ-ға жергілікті тұрғын арызданып келген. Оның айтуынша, белгісіз адамдар түнгі уақытта оның жылыжайда өсіп тұрған қиярын жымқырмақ болған. Қиярдың салмағы 1500 келіні құрап, жәбірленушіге 1 миллион 500 мың теңге шығын келген. Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 188-бабы (Ұрлық) бойынша СДТБТ-ға тіркеді.
Аталған факті бойынша тәжірибелі тәртіп сақшыларынан жедел тергеу тобы құрылып, қылмыстық істі ашу мақсатында бірден іске кірісті. Ұрлық болған аймақты бір шолып шығып, айналадағы бейнебақылау камераларын мұқият қарап, күдікті болып көрінген азаматтардан түсінік алады.
Нәтижесінде осы жайтқа қатысы бар Өзбекстан Республикасының азаматы қылмыс үстінде ұсталып бөлімшеге жеткізілді.
Тергеу барысында күдіктінің қияр өсіретін жылыжайда жұмыс жасайтыны белгілі болды. Сондай-ақ полицейлер оның осы қылмысқа қатысы бар төрт сыбайласын анықтады. Олар да өзге елдің азаматтары. Күдіктілер салмағы бір жарым тонна болатын қиярды жеке-жеке қапқа салып сатпақ болған. Алайда күдіктілер өз арам ойларын ақырына дейін іске асыра алмады. Қазіргі таңда төрт сыбайласқа қатысты іздестіру амалдары жүргізілуде.
Ұсталған күдікті азаматтың бас шарасы қамауда. Бүгінгі таңда күдіктіге қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жалғасуда.