$ 527.3  544.86  4.95
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
12.03.2021, 10:25
Оқиғалар

Bek Air компаниясы Решет Қалибектен тағы да жеңілді

Үйіне ұшақ құлаған Решет қазір ата-анасының үйінде тұрып жатыр

Bek Air компаниясы Решет Қалибектен тағы да жеңілді
коллаж: Нұрлан Жұмасұлтанов, Решет Қалибек

Алматы облыстық соты Bek Air компаниясының кезекті талап арызын қараусыз қалдырды. Әуе компаниясы биыл 26 қаңтарда Алматы халықаралық әуежайының маңындағы ұшақ соғылған үйдің иесін тағы сотқа берген болатын. Бұл жолы компания Решет Қалибектің үстінен Алматы облыстық сотына аппелияциялық шағым түсіріп, оны Талдықорған қаласындағы облыстық азаматтық істер жөніндегі соты қарай бастаған. 

Сот ісіне қатысты жауапкер Решет Қалибек Azattyq Rýhy тілшісіне хабарласып, мән-жайды айтып берді.

«Маған 20 қаңтарда соттан хабарлама келген болатын. Осы кезге дейін екі рет аудандық соттан жеңілген Bek Air компаниясынан облыстық сотқа арызданыпты. Үш рет сот отырысы өтті. Барлығы онлайн түрде өтті. Талдықорғанға барған жоқпын. Шынымды айтсам, оған материалдық жағдайым да жоқ. Бар жиған-тергенімді сол үйге салған болатынмын. Қазыр ата-анамның үйінде тұрып жатырмыз. Міне бір жарым жыл болды, тергеуден тергеу аяқталар емес. Кеше өткен сотта Алматы облыстық соты істі біздің пайдамызға шешті. Бұған да шүкір», - деді Р. Қалибек.

Сотта Решет Қалибектің құқығын қорғап жүрген заңгер Жәнібек Башанов бұл жолғы соттың шешімі өте маңызды екенін айтты.

«Егер облыстық сот Bek Air компаниясының мүддесіне қайшы келмейтін қаулы шығарғанда, біздің жағдайымыз қиын болатын еді. Алайда біз күткендей сот әуе компаниясының арызын қараусыз қалдырды.

Жасыратыны жоқ, мәселе қыл үстінде тұрған. Егер сот істі  Bek Air-дің пайдасына шешкенде, Решет Қалибек жауапқа тартылуы мүмкін еді. Себебі, Антикор оны «Жерді қалай алдың?» деген сұрақтың астына алып, күдіктіге айналар еді. Қазір ол тергеуде тек куәгер. Сондықтан Талдықорғанда өткен соттың шешімі біз үшін маңызды болды. Енді Решет Қалибектің Bek Air-дің өзін сотқа беруге құқығы бар. Бірақ оның бұған қаржылық жағдайы жоқ», - деді адвокат Жәнібек Башанов.

Былтыр 11 желтоқсанда Талғар аудандық соты Bek Air компаниясының Алматы әуежайының маңында заңсыз үй салды деген Решет Қалибекке қатысты талап арызды қараусыз қалдырды. Компания құрылысты заңсыз деп тану туралы бұған дейін сотқа екі рет шағымданған болатын. Аудандық сот судьясы Қарлығаш Есәлинова ұшағы апатқа ұшыраған компанияның азаматтық талап-арызын қарамау туралы шешім қабылдаған. Сотта судья Талғар ауданында, соның ішінде ұшақ құлаған Гүлдала елдімекенінде жер телімдерін заңсыз сатты деген күдікке ілінген екі қылмыстық топқа қатысты іс тергеліп жатыр. Бұл істерге қатысты процессуалдық шешім қабылданбай, кінәлі тұлғаларды анықтау мүмкін емес. Сондықтан Bek Air компаниясының талап арызы негізсіз деп танылды.

Оқи отырыңыз: Bek Air компаниясы енді Решет Қалибекке қарсы Алматы облыстық сотына арыз берді

Қазір Алматы облысы Талғар аудандық сотында Алматы халықаралық әуежайының маңындағы Гүлдала ауылдық округінде жер телімдерін заңсыз сатты деген топқа қатысты сот тергеуі жүріп жатыр. Айыпталушылар қатарында Талғар ауданының жер қатынастары бөлімінің бұрынғы бірнеше маманы, жер-кадастр бөлімінің бұрынғы басшылары бар.

Айта кетейік, 2019 жылы 27 желтоқсанда Алматыдан Нұр-Сұлтанға бағыт алған Bek Air әуе компаниясының рейсі апатқа ұшырады. Қайғылы жағдайдан 12 адам қаза болып, 49 адам ауруханаға жеткізілді. Ал әуе компаниясының қызметі тоқтатылып, лицензиясы кері қайтарылды.

Ришат Асқарбекұлы, Алматы

Серіктес жаңалықтары