Алматы облысында мас күйде төрт оқушыны қаққан жүргізуші кінәсін мойындады
Мас жүргізуші қаққан екі оқушы бір аптадан бері ес-түссіз жатыр

Алматы облысының Қорам ауылында 4 бірдей оқушы қызды қаққан жүргізуші кінәсін мойындады. 54 жастағы Әсет Демесінов полицейлерге берген жауабында сол күні әдеттегіден көбірек ішімдік ішіп қойғанын айтып ақталған. Бұл туралы КТК хабарлайды.
Күдікті ішімдікті жалғыз өзі отырып ішкенін айтқан. Сосын үйінен шығып, көлігіне мінген. Ал, жол жиегінде келе жатқан оқушы қыздарды көлігімен таптап өткенін келесі күні бір-ақ түсінген. Тәртіп сақшылары жол апатынан кейінгі көлікті де көрсетті. Қатты соққыдан «УАЗ» көлігінің капоты мен бампері қисайған. Жүргізуші есін жиғанымен, ол қағып кеткен қыздардың екеуі сол күйі ес-түссіз ауруханада жатыр.
«Күдікті уақытша ұстау абақтысында қамауда отыр. Автотехникалық сараптама тағайындалды. Оның қорытындысы, іс бойынша нақты процессуалдық шешім қабылданады», - дейді Алматы облысы ПД ресми өкілі Ақбота Қуанышбекқызы.
Еске салайық, 2 наурызда сағат 18:40-та Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданында Арзиев көшесімен солтүстік бағытта келе жатқан «Уаз» автокөлігінің жүргізушісі жол жиегінде тұрған 8 және 9 жастағы төрт оқушы қызды қағып кетті. Полиция өкілдері көлікті басқарған Корам ауылының 54 жастағы тұрғынын ұстаған. Сондай-ақ оның көлікті мас күйде жүргізгенін анықтаған.
Осы оқиғадан кейін ҚР Президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәли Мемлекет басшысының жол-көлік оқиғасына қатысты тергеу жұмыстарын өз бақылауына алғанын хабарлады. Айтуынша, Мемлекет басшысы көлік жүргізушісін заңға сәйкес жауапқа тарту үшін аталған оқиғаны жан-жақты тексеру жөнінде тапсырма берді. Зардап шеккен қыздар мен олардың ата-аналарына тиісті көмек көрсетіледі.