ШұғылҚазақстанда коронавирус жұқтыру бойынша антирекорд: өткен тәулікте 6,1 мың адамнан КВИ анықталған

Мас жүргізуші қаққан екі оқушы бір аптадан бері ес-түссіз жатыр

Наурыз айының басында Алматы облысында мас жүргізуші 4 оқушы қызды қағып кетті

кадр: видео

2 наурызда сағат 18:40-та Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданында Арзиев көшесімен солтүстік бағытта келе жатқан «Уаз» автокөлігінің жүргізушісі жол жиегінде тұрған 8 және 9 жастағы төрт оқушы қызды қағып кетті. Полиция өкілдері көлікті басқарған Корам ауылының 54 жастағы тұрғынын ұстаған. Сондай-ақ оның көлікті мас күйде жүргізгенін анықтаған.

Осы оқиғадан кейін зардап шеккен үш оқушы ауруханаға жеткізілген. Алайда, арада бір апта уақыт өтсе де, көлік қаққан екі оқушы әлі ес-түзсіз жатыр. Сондай-ақ жол апатынан зардап шеккен үшінші қыздың аяғына ота жасалған, оның жағдайы – орташа ауыр. Бұл туралы Алматы облыстық Денсаулық сақтау басқармасының өкілі Ләйлім Әубәкірова айтты. 

«Екі науқастың жағдайы өте ауыр, ес-түзсіз жатыр. Қазір Шелек аудандық ауруханасында ем қабылдап жатыр. Күн сайын Алматы аймақтық балалар клиникалық ауруханасынан дәрігерлер келіп, балалардың денсаулығын қадағалап отыр», - деді Ләйлім Әубәкірова.

Еске сала кетейік, ҚР Президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәли Мемлекет басшысының жол-көлік оқиғасына қатысты тергеу жұмыстарын өз бақылауына алғанын хабарлады. Айтуынша, Мемлекет басшысы көлік жүргізушісін заңға сәйкес жауапқа тарту үшін аталған оқиғаны жан-жақты тексеру жөнінде тапсырма берді. Зардап шеккен қыздар мен олардың ата-аналарына тиісті көмек көрсетіледі.