ШұғылҚазақстанда өткен тәулікте 2656 адамнан коронавирус инфекциясы анықталды

Жамбыл облысында соғым етін ұрлаған ер адам бас бостандығынан айырылуы мүмкін

Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр

Соғым етін ұрлаған жамбылдық тұрғын бас бостандығынан айырылуы мүмкін, деп хабарлайды Polisia.kz.

Ағымдағы жылдың 1 наурызында Т.Рысқұлов аудандық полиция бөліміне Көгершін ауылының тұрғыны xабарласып, үйінің жанындағы қорасында жаюлы тұрған жылқы және қой малдарының етін белгісіз біреулердің ұрлап кеткендігі туралы арызданған.

Сол күні полиция қызметкерлерімен жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында осы ауылдың 33 жастағы тұрғыны ұсталды. Ол – арызданушының келесі көшеде тұратын күйеубаласы екені белгілі болды.

Анықталғандай, күдікті соғым етінің жайылып тұрғанын алдын ала біліп, қора есігінің құлпын бұзу арқылы түнгі уақытта жасырын кірген. Тіпті, қойды сойған кезде туыстарының үйінде көмектесіп жүргені белгілі болды.

Тергеу барысында күдікті жақын туысының үйіне ұрлыққа түскенде масаң күйде болғанын, соғым еттерін үйіне апарып асып жеу мақсатында қылмыс жасағанын мойындады.

Аталған дерек бойынша, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 188-бабы 3-бөлігі 3-тармағымен (Тұрғын үй-жайға заңсыз кiрумен жасалған ұрлық) сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Көрсетілген бапқа сәйкес екі жылдан жеті жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.