Петропавлда 3 жасар қызын өлімші етіп сабаған анаға қатысты қатаң жаза тағайындалуы мүмкін
3 жасар қыз бір айдан астам уақыт жансақтау бөлімінде жатып, көз жұмды
СҚО полицейлері анасы ұрып-соққан үш жасар қыздың қайтыс болуына байланысты қылмыстық істі қайта саралады.
Петропавлда облыстық ауруханаға әртүрлі дене жарақатымен жеткізілген кішкентай қыз көз жұмды. Дәрігерлер оның өмірі үшін 17 қаңтардан бері күресіп келді. Кәмелетке толмағанға қатысты көрінеу денсаулыққа ауыр зиян келтіру фактісі бойынша Қылмыстық кодекстің 106-бабы 2-бөлігі (денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Қыздың қайтыс болуына байланысты қылмыстық құқық бұзушылықтың құрамы ҚР ҚК-нің 106-бабының 3-бөлігіне қайта сараланды, онда 8 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі жаза қарастырылған. Осы қылмысты жасағаны үшін баланың 1998 жылы туған анасы ұсталды, оған қатысты қамауға алу туралы бұлтарпау шарасы таңдалды.
Күдікті тергеу изоляторында қамауда. Қылмыстық істің тергелу барысы Солтүстік Қазақстан облысы Полиция департаменті мен облыс прокуратурасы басшылығының ерекше бақылауына алынды.
Еске сала кетейік, 22 жастағы жас ана туған қызын есінен танғанша ұрып-соққан. Артынша жедел-жәрдем шақыртыпты. Осы оқиғадан соң құзырлылар отбасын тексеруге көшкен. Қорғаншылық органдарының мәліметінше, бала туғаннан бейнет көріп келеді екен. Оның туабітті сал ауруымен ауыратыны да белгілі болды. Анасы асырай алмаған соң, нәрестесін балалар үйіне уақытша тапсырған. Араға жарты жыл салып, баланы алып, бөлек тұратын әкесіне әкеліп берген. Сәбиін емдеп, үш жыл бойы күтімін жасаған әкесі тура бір ай бұрын анасына қайтарыпты.
Қыз баланың анасы мен өгей әкесі осы жатақхананың бір бөлмесін жалдап тұрған. Көрші-қолаң шағын отбасының пәтерінен айғай-шуды естімегенін айтады. Дегенмен, отағасы сәбидің көгерген жерлерін емдеу үшін дәріханадан дәрі-дәрмек алып жүріпті.