ШұғылҚазақстанда өткен тәулікте 857 адамнан коронавирус инфекциясы анықталды

СҚО-да анасынан зәбір көрген 3 жасар бала жансақтау бөліміне жатқызылды

22 жастағы жас ана уақытша ұстау изоляторына қамалды

көрнекі сурет

17 қаңтарда Петропавлда анасынан зәбір көрген 3 жасар қыз жансақтау бөліміне жатқызылды. Сәби емдеу мекемесіне жеткізілгенде ес-түссіз күйде болған.

Баланың денсаулыққа ауыр зиян келтірген күдікті –  баланың анасы ұсталды. Оған қатысты Қылмыстық кодекстің 106-бабы 3-бөлігі (Көрінеу кәмелетке толмаған адамға қатысты денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде.

«Қылмыстық іс шеңберінде тергеу әрекеттері жүргізіліп, қажетті бірқатар сараптамалар тағайындалды. Күдікті бұрын құқық қорғау органдарының назарына ілікпегені белгілі болды. Қазіргі уақытта 22 жастағы қала тұрғыны Петропавл қаласы ПБ уақытша ұстау изоляторына қамалды, - делінген СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

22 жастағы жас ана туған қызын есінен танғанша ұрып-соққан. Артынша жедел-жәрдем шақыртыпты. Осы оқиғадан соң құзырлылар отбасын тексеруге көшкен. Қорғаншылық органдарының мәліметінше, бала туғаннан бейнет көріп келеді екен. Оның туабітті сал ауруымен ауыратыны да белгілі болды. Анасы асырай алмаған соң, нәрестесін балалар үйіне уақытша тапсырған. Араға жарты жыл салып, баланы алып, бөлек тұратын әкесіне әкеліп берген. Сәбиін емдеп, үш жыл бойы күтімін жасаған әкесі тура бір ай бұрын анасына қайтарыпты.

Қыз баланың анасы мен өгей әкесі осы жатақхананың бір бөлмесін жалдап тұрған. Көрші-қолаң шағын отбасының пәтерінен айғай-шуды естімегенін айтады. Дегенмен, отағасы сәбидің көгерген жерлерін емдеу үшін дәріханадан дәрі-дәрмек алып жүріпті.

Еске сала кетейік, Қылмыстық кодекстің 106-бабы 3-бөлігі бойынша айыпталушыға 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. 

Эльмира Мәмбетқызы, СҚО