Петропавлда дүкенге қарақшылық шабуыл жасаған күдікті ұсталды

Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүріп жатыр 

Петропавлда дүкенге қарақшылық шабуыл жасаған күдікті ұсталды
Фото: ашық дереккөзден

Петропавл қаласының шеткі аудандарының бірінде орналасқан азық-түлік дүкеніннің кассасындағы ақшаны қолды қылған қарақшы ұсталды. Күдікті дүкеншіге пышақ кезеніп, саудадан түскен 30 мың теңге қаражатты күшпен алып кеткен, деп хабарлайды Аzattyq Rýhy тілшісі СҚО Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Жапа шегуші қорыққанынан қолындағы ақшаны ұрыға ұстата салған. Аталған факті бойынша қалалық Полиция басқармасы бірінші полиция бөлімінің қызметкерлері бірден жедел-профилактикалық іс-шара өткізуге кіріскен. Сауда нүктесі бейнебақылаумен жабдықталмаған екен. Криминалдық полиция қызметкері оқиға орнында жұмыс жүргізген кезде бұрын есірткі саудасымен  айналысқан, ұрлық және тонау жасағаны үшін бірнеше рет қылмыстық жауапкершілікке тартылған 31 жастағы қала тұрғынын сипаттау және қылмыс белгілері бойынша таныған. Тексеру барысында оның аталған қылмысқа қатысы бары расталды. Ер адамнан пышақ алынды. Медициналық куәландыру оның алкогольдік масаң күйде болғанын көрсетті.

Аталған факті ҚР Қылмыстық кодексінің 192-бабы «Қарақшылық» бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Қазіргі уақытта оңай олжаға кенелмек болған күдікті қамауға алынды. 

«Барлық кәсіпкерлерге бизнес-объектілерді күзету мен техникалық нығайту бойынша шаралар қабылдауға кеңес береміз. Бейнебақылау камералары қылмыстарды ашу процесін жеделдетіп қана қоймай, қылмыскерлерді ұстауға септігін тигізеді, бейнекамералармен жабдықталған сауда нүктелерінде мүліктік қылмыстардың жасалуы сирек орын алатынын атап өткен жөн. Осыны барлығы ескерсе жақсы бола еді», - дейді Бірінші ПБ бастығының орынбасары полиция майоры Талғат Смағұлов. 

Эльмира Мәмбетқызы, СҚО 

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.