Қайта оралуға қорқамыз – Петропавлдағы апат болған үй тұрғындары
Жарақат алғандардың бірі аса ауыр халде жатыр
Петропавлда газ боллоны жарылып, екі адам ажал құшқан үйде жөндеу жұмыстары басталды. Апат салдарынан 120 пәтердің тұрғындары баспанасыз қалған. Олар жергілікті оқу орындарының бірінің жатақханасын уақытша паналап жүр. Жапа шегушілермен Azattyq Rýhy тілшісі кездесіп қайтты.
ЖАРАҚАТ АЛҒАНДАРДЫҢ ЖАҒДАЙЫ ӨЗГЕРІССІЗ
Өткен жексенбі күні Петропавлда бес қабатты үйде газ баллоны жарылып, 2 адам ажал құшты. Түрлі деңгейде жарақат алған 8 адам ауруханада жатыр. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше 10 жасар баланың беті бері қараған. Қалғандарының жағдайы сол қалпы.
«Жарақат алғандардың бірінің жағдайы тым ауыр. Ол үшінші қалалық аурухананың реанимация бөлімінде жатыр. Алтауы амбулаторлық ем қабылдауда. Облыстық аурухананың жансақтау бөліміндегі екі науастың да жағдайы алаңдатарлық. Олар жасанды тыныстандыру аппаратымен дем алып жатыр. Жапа шеккендердің арасында бала барын айтқан болатынбыз. Оның жағдайы біршама жақсарды», - дейді аталған ведомствоның баспасөз хатшысы Гүлнәр Қалиева.
«300 МЫҢҒА НЕ АЛУҒА БОЛАДЫ?!»
Апаттан аман қалғандар М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің жатақханасына орналастырылды. Жарылыстың куәсі болған адамдардың бойын үрей билеген. Төтенше жағдайдан шошып қалған тұрғындар өздерінің болашағы үшін де алаңдаулы.
«Бізге ешкім нақты ақпарат беріп жатқан жоқ. Барлығын әлеуметтік желіден оқуға мәжбүрміз. Ондағы мәліметтердің өзі үзік-үзік. Мемлекеттік бюджет есебінен жарылыс болған баспана жөнделеді. Нысанға тіреу ашаларды әкеліп жатқанын көрдік. Құрылысшылардың айтуынша кейбір қабырғалар бекітілмек. Меніңше бұлай жасау дұрыс емес. Үй шағылып қалуы мүмкін. Қалалық әкімдік оны 1 айда жөндеуге уәде беріп отыр. Әзірге қажетті құжаттарды жинап жатырмыз. Облыс әкімі Құмар Ақсақалов әр бөлме иесіне 100 АЕК көлемінде әлеуметтік көмек берілетінін айтты. Енді біз жапа шеккенімізді құжат жүзінде дәлелдеуіміз шарт», - дейді апат болған үйдің тұрғыны Ксения.
100 АЕК. Халық қолына бұл қаражат әлі тиіп үлгермесе де, көпшілік оны қайда жеткізерін білмей дал. Бір сәтте өмір бойы жиған мүлкінен айырылған жапа шегушілер аталған соманың тұрмыстық техника сатып алуға да жетпейтініне алаңдаулы.
«300 мың теңгені қай жағынан созатынымды білмеймін. Біздің бөлмеміздің быт-шыты шықты. Қабырқасы дәлізге қарай көшіп кетті. Еден шұрық-тесік. Оны қалай жөндеуге болатынын елестете алмаймын. Үй бұған дейін де апатты жағдайда болған. Жарылыс жағдайды тым ушықтырып жіберді. Ол үйге қалай ораламыз? Көршілердің барлығын осы сұрақ мазалайды. Барлығымыз не істерімізді білмей абдырап қалдық. Қолымыздан келер амал да жоқ. Қазір көпшілігі жалдамалы пәтер іздеп жүр», - дейді Ксения.
ЖАТАҚХАНАДАҒЫ ЕКІНШІ АПАТ
Жатақхана өткен ғасырдың 70-ші жылдары салынған. Осыдан 10 жылдам астам уақыт бұрын бір жақ қабырғасы опырылып түсіп, тұрғындарды біраз әуреге салған еді. Соған қарамастан, сараптама жасаған құзырлы органдар көпқабатты баспананы апаттық деп таныған жоқ. Абырой болғанда ол кезде адам шығыны тіркелмеді.
«ҮЙГЕ ҚАЙТА БАРУҒА ҚОРҚАМЫН...»
Жұмабике Сайфуллина бір жыл бұрын жатақханадан бір бөлме сатып алған. Жеке баспанаға ие болған зейнеткердің қуанышы ұзаққа бармады.
«Үйге қайта баруға қорқамын. Қабырғалар жарылыс салдарынан орнынан көшіп кетті. Кез келген уақытта қайта құлауы мүмкін. Бір сәтте далада қалдық. Бірнеше күннен бері көз жасымды тыя алмай жүрмін. Барлық жиһаз бен тұрмыстық техника қирап қалды. Мен бесінші қабатта тұрамын. Жарылыс әсері бізге дейін келді. Қысымның әсерінен терезелер сынып кетті. Қалада паналар туған-туыстарым жоқ. Бәрі де алыста тұрады. Студенттер жатақханасына орналасуға тура келді. Суық екен. Жаурап жатырмыз. Кереуеттері де жайсыз. Берген тамақтарын жей алмадық. Қазір таңдау жасайтын халде емеспіз. Барды қанағат тұтамыз», - дейді ол.
Жатақханада бөлме жалдап тұрғандар да бар. Олар да жиһаз, тұрмыстық техника, ыдыс-аяқ, киім-кешек сынды күнделікті тұрмысқа ауадай қажет жеке заттарынан айырылып қалды. Ал, өтемақы меншік иелеріне беріледі. Жалгерлер де өз мүліктері үшін өтемақы төленгенін қалайды. Алайда, құзырлы органдар әзірге бұл мәселені қарастырып жатқан жоқ.
«Мен меншік иесі емеспін. Туысымның бөлмесі. Оның денсаулығы жоқ. Облыс орталығынан шалғайдағы ауылдардың бірінде тұрады. Петропавлға келуге шамасы жоқ. Өтемақы алу жолы қалай боларын білмеймін. Көршілердің арасында жалдап тұрып жатқандар көп. Тағдырымыз не болары белгісіз», - дейді Назира Битикова.
Ардагерлер кеңесі мен Петропавл қаласы әкімдігі банктен арнайы есепшот ашып, қаржылай көмек жинауды бастады. Шаһар басшысы Болат Жұмабеков әлеуметтік желідегі жеке парақшасында ақша аударған кәсіпкерлерді атап өтіп, алғыс білдірді. Ал жапа шегушілер әкімдік тарапынан айтарлықтай көмекті әлі сезініп үлгермегенін жеткізді. Оқыс оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүріп жатыр. Оның нақты себебі әзір анықталған жоқ.
Эльмира Мәмбетқызы, СҚО