ШұғылЕлордада Парламент палаталарының бірлескен отырысы басталды

СҚО-да боранда адасқан екі бала құтқарылды

Балалар жолға ұялы телефонсыз шыққандықтан ешкімен байланыса алмаған

Кеше Есіл ауданы полиция бөлімінің кезекші бөліміне Бірлік ауылының маңында екі баланың адасып кеткені жайлы хабарлама келіп түскен. 17 және 7 жастағы ағайындылар шанаға жегілген атпен Есіл өзенінің жағасында тебінде жүрген жылқыларды қарауға шыққан. Көп ұзамай қар жауып, соңы ұйытқыған боранға ұласқан. Түк көрінбейтін ақтүтекте балалар адасып кеткен, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі СҚО Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Балалардың жоғалғандығы жайлы хабар түсісімен төтенше жағдай қызметкерлері, қорықшылар, полицейлермен бірге жергілікті тұрғындар оларды шұғыл түрді іздеуге кіріскен. Мамандарға елдімекеннің 40 шақты азаматы қолғабыс еткен. Қалың қарда техника жүре алмағандықтан, тұрғындар іздестіру жұмыстарына салт атпен кіріскен.

Бірлік ауылының тұрғыны Абзал Садуақасов криминалдық полиция бөлімшесінің басшысы полиция майоры Мұратбек Аяғанов ен далада адасып бара жатқан балаларды тауып алған. Үлкен ағасы үстіндегі бар сырт киімін шешіп, бауырын орап, арқасына мінгізіп алған. Балалар әбден шаршағандықтан, сөйлеуге де шамалары келмеген. Қатты боран басталған кезде шанадағы жегілген жылқы ырыққа көнбей оларды үйден қарама-қарсы бағытқа алып кеткен. Балалар жолға ұялы телефонсыз шыққандықтан ешкімен байланыса алмаған.

«Хабарлама алғаннан кейін УАЗ «Патриот» автомашинасы және үш қарда жүретін көлікпен аудандық бөлімнің тәжірибелі қызметкерлерінен құралған топпен Бірлік ауылына жол тарттық.  Полицейлер, ауыл тұрғындары, қорықшылар мен құтқарушылардың күш біріктіруінің арқасында өкінішті жағдайға жол берілмей, балалар аман-есен ата-анасына оралды», - дейді Есіл ауданының полиция бөлімінің бастығы полиция подполковнигі Ерлік Есләмбеков.

Эльмира Мәмбетқызы, СҚО