$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
01.12.2019, 13:25
Оқиғалар

Оралда күйеуі кепілге алған келіншек оқиғаның жай-жапсарын айтып берді

Ираида Исламғалиеваның сөзінше, оның бетінде және қолында әлі күнге дейін соққының көгерген іздері бар

Оралда күйеуі кепілге алған келіншек оқиғаның жай-жапсарын айтып берді
Ираида мен Ерланның той суреті, 29 тамыз, 2017 жыл. © uralskweek.kz

Орал қаласындағы нотариустардың бірінде күйеуі кепілге алған Ираида Исламғалиева оқиғаның мән-жайын айтып берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy "Орал апталығына" сілтеме жасап. 

Ираида Исламғалиеваның сөзінше, оның бетінде және қолында әлі күнге дейін соққының көгерген іздері бар екен. Мойнында күйеуі өлтірмек болып салған пышақтың ізі қалған.

"Біз 29 тамызда некемізді тіркеттік, ал зорлық-зомбылық 1 қыркүйектен, яғни үйлену тойынан кейін-ақ басталды. Ол өзінің шын мәнінде қандай екенін көрсетті, оның зорлық-зомбылығы екі жылдан бері жалғасып келеді. Мен екі жыл бойы ажырасуға тырысып жүрдім, бірақ нәтиже болмады. Ол мені, менің өмірімді өз бақылауында ұстап жүрді. Екі жыл бойы балаларымды өлтіремін деп қорқытып ұстап келді. Және бір рет емес, күн сайын солай болды. Мен балаларымның бетіне қарай алмай қалдым. Ол тіпті, ата-анама да шабуыл жасауға тырысты. Міне, мен осының бәрін айтып, шағымданбақ болғанмын" - дейді ол. 

Жәбірленушінің айтуынша, оның күйеуі есеппен жүретін, алды-артын ойластыратын, мұқият адам болған. Адамдар арасында ол мүлдем басқа екен. 

"Оның әріптестерінен, көршілерімізден, таныстарымыздан ол туралы сұрасаңыз, бәрі керемет адам дейді. Бөтен адамдармен сыпайы сөйлесіп, сүйкімді көрінуі мүмкін. Ал үйде ол тіпті, менің мектепте оқитын кенже ұлыма көңіл бөлуіме тыйым салды. Ұлыма көңіл бөлгенімді білсе, оны өлтіремін деп қорқытты. Бұл туралы көршілерімізге айтсаңыз, олар мүлдем сенбейді", - дейді Ираида.

Ираида Исламғалиева күйеуінің мінезі қандай екенін және оның қандай жоспары болғанын айтып берді. 

"Мен шынымен де ешқайда бара алмадым. Барлығы менен "Неге бұл жағдайды созып жүрдіңіз?" деп сұрайды. Мен созып жүрмей-ақ, екі жыл бойы ажырасамын деп айғайлаумен келдім. Ол - безбүйрек, кісі өлтіруші! Мені ешкім тыңдамады. Бәрі "Бұл сезім, ол сені соншалықты жақсы көреді" деп айтады. Бірақ бұл сезім емес, қорлау. Бұл жауапқа тартылмайтынына сенімді болу. 28 қарашада болған нәрсе - екі жыл бойы оны ешкім тоқтата алмағандықтан орын алды. Менде соттың шығарған бірнеше қорғаныс нұсқамасы болды, ол оған күліп қарайтын", - дейді ол. 

 Айтуынша, оның күйеуі учаскелік полицейлерді де тыңдамаған көрінеді. 

"Учаскелік полицей қолынан келгенін істеді. Ол келді. Ерланды тауып алып, қол да қойдырды. Бірақ ол тоқтаған жоқ. Мен тіпті, "КМС" күзетін де жалдадым. Олар менімен барлық жерде жүрді. Білесіз бе, 23-і әлде 24-і ме, есімде жоқ, ол оларға келіп: "Жігіттер оны күзетпеңіздер. Сіздер оған бәрібір көмектесе алмайсыздар. Одан пайда жоқ" деген. Және оның не туралы айтып тұрғаны сірә, жоспарында болса керек. Өйткені 28-і күні ол кеңсеге кіріп, жасағысы келгеннің бәрін жасады", - дейді жәбірленуші. 

Ираиданың сөзінше, ол тұрмысқа шығар алдында тек бір нәрседен күдіктенген.

 "Сол кезде мені бір жағдай мазалады - біз жарты жыл таныс болдық және осы жарты жыл бойына ол мені АХАЖ-ға барып, тіркелуге көндірумен болды. Мен бас тартумен болдым. Менің екі балам бар, тіпті той жайлы ойлау мүмкін болмады. Міне, сондай бір әңгіме кезінде ол еңіреп жылады. Бар даусымен қатты жылады. Ол шарасыздықтан жылаған еді. Ол менің алдымда тізерлеп тұрып, еңіреп жылады. Сол кезде күдіктеніп, қарым-қатынасты тоқтатуым керек еді. Ол сонда жылап тұрып "Маған ешкім керек емес, тек сенің қолыңда өлемін" деді. Мен сол кезде оның қандай адам екенін білмеппін. Содан кейін менің ұлым университетке түсті, сол кезеңде менің көңіл-күйім жақсы болып жүрді. Шілде айының соңында біз АХАЖ-ға барып, өтініш бердік. Ал 29 тамызда некемізді тіркедік, 1 қыркүйекте ол бірінші рет мені пәтерге қамап кетті. Төрт күн бойы мені шығарған жоқ. Ол менен ұзақ уақыт тұрмысқа шығуымды өтінгенін , менің бірнеше рет бас тартқанымды есіне алды . Жалпы,  сол сәтте-ақ ол мен үшін мүлдем басқа, бейтаныс адам болып көрінді", - дейді Ираида Исламғалиева.

Айта кетейік, 41 жастағы Ерлан Исламғалиев бұрынғы әйелі Ирада Исламғалиеваны кепілге алған. Оның қолында пышақ және жарылғыш затқа ұқсас бірдеңе болған. Кейінірек оның жай ғана ойыншық екені анықталды, ол оны аңшылық дүкеннен сатып алғаны белгілі болды. Ерлан Исламғалиев бұрынғы әйелі істейтін нотариус кеңсесін іштен жауып алған. Кеңсе бесқабатты үйдің бірінші қабатында орналасқан. Ол есікті жиһазбен және сейфпен бұғаттаған. Қаскөймен арадағы келіссөз бірнеше сағатқа созылған. Полицейлер онымен терезе арқылы сөйлесті.

Серіктес жаңалықтары