$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
12.02.2021, 11:27
Оқиғалар

Дәулеттің мәйітінің фотоларын көру ата-анасына ауыр тиіп жатыр – Каратэден Азия чемпионының әпкесі

Кісі қолынан қаза тапқан спортшының туыстары оқиға орнынан фото таратқандарды жазалауды сұрайды

Дәулеттің мәйітінің фотоларын көру ата-анасына ауыр тиіп жатыр – Каратэден Азия чемпионының әпкесі

4 ақпан күні кісі қолынан қаза тапқан спортшы Дәулет Хайролланың туыстары мәйіттің фотосын заңсыз таратқандар мен оны өлтіргендердің қатаң жазалануын сұрап Ішкі істер министріне, облыстың бас прокурорына арызданған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy

Дәулеттің әпкесі Жадыра Хайроллақызының айтуынша, оқиға орнынан түсірілген мәйіттің фотосы әлі күнге дейін WhatsApp-тағы топтарда тарап жатыр. Суреттер мен түрлі аудио хабарламалар марқұмның туыстарына ауыр тиюде.  

«2021 жылы 4 ақпан күні Ақтөбе қаласында  туған інім Хайролла Төлебайдың ұлы 18 жастағы Дәулет Хайролла кісі қолынан көз жұмды. Ол киокушинкай каратэден 2018 жылғы Азия чемпионы, ел кубогының үш мәрте жеңімпазы, қоңыр белбеу иегері. Ақтөбе құрамасының лидері, спорт шеберлігіне үміткер Дәулетім ата-анасының үміті еді. Жанжал кезінде оған оқ атылып, қылмыстық іске күдіктілер оған дер уақытында ауруханаға жеткізе алмаған.  Мұндай жауыздықты ешкімнің басына тілемеймін. Оқиғаның келесі күні, яғни 5-ші ақпанда  бауырымның өліп жатқан суреті түрлі әлеуметтік желі мен WhatsApp-тағы топтар арқылы тарап кетті. Оның жеке суреттері мен оған қатысты фотолар түрлі әлеуметтік желілерде әлі  жүр. Тіпті WhatsApp-тағы топтарда оқиғаның куәгері болмаған бейтаныс адамдардың алып-қашпа аудио хабарламалар таратуы әлі тоқтамады. Жалғыз ұлынан айрылған бауырым мен келінім үшін бұл өте ауыр соққы. Бұл сурет пен деректерді көрген анасы мен әжесі бірнеше рет құлап, жәдел жәрдем шақырттық. ІІМ-нен оқиға орнынан тараған фотоның таралуын тоқтатуды сұрап, сіздер арқылы БАҚ өкілдерінен мәйіттің фотосын салмауды өтінемін!», - деді Жадыра Хайроллақызы.

Спортшының туыстары аталған мәселе бойынша қызметтік тексеріс тағайындап, оқиға орнына келген Ақтөбе облыстық полиция департаментінің тергеу тобынан, сондай-ақ, жедел-жәрдем жүргізушісі мен медицина  қызметкерлерінің бригадасынан да жауап алуды сұрап отыр.

 «Кісі қолынан көз жұмған жан бауырым - Дәулет Хайролланың мәйіті түсірілген фотоны оқиға орнына бірінші боп жеткен  полиция қызметкерлері не жедел-жәрдем жүргізушісі не  дәрігерлер таратты деген әңгіме көп. Сол себепті оқиға орнына жеткен Ақтөбе облыстық полиция департаментінің тергеу тобы арасында қызметтік тергеу жұмысын жүргізуді сұраймын. Сондай-ақ, оқиға орнына келген жедел-жәрдем жүргізушісі мен медицина  қызметкерлерінің бригадасынан да жауап алуды өтінемін. Қазақстан Республикасының  азаматтық кодексінің 145 бабында «Қандай да бiр адамның суреттiк бейнесiн оның келiсiмiнсiз, ал ол қайтыс болған жағдайда - мұрагерлерiнiң келiсiмiнсiз пайдалануға ешкiмнiң де құқығы жоқ» деп жазылған. Бірақ бауырымның мәйіті әлеуметтік желілер арқылы ел ішінде таралып кетті. Сонда заң қайда? Сонымен қатар, оқиғаның ақ-қарасын нақты анықтау үшін қылмыс болған жерде орнатылған бейнебақылау камераларының видеосын да қолдануды сұраймын. Осыған байланысты адамның жеке өміріне қол сұққан, рұқсатсыз сурет таратқан адамды тауып, заң бойынша жауапкершілікке тартуыңызды сұраймын! Және де  18 жасында спортта биік-белестерді бағындырып, әлемдік жарыстарда Қазақстан атын шығарып келген марқұм інімнің өліміне байланысты қозғалған қылмыстық істің әділ тергелуін сұраймын», - деді Жадыра Хайролла. 

Айта кетейік, 11-ші ақпан күні Ақтөбедегі Киокушинкай-Кан каратэ Жауынгер орталығын Дәулет Хайролланың атына берді. Каратэден республикалық ұлттық федерация өкілдері мен марқұмның туыстары спортшының атына берілген орталықтың ресми ашылу рәсіміне қатысты. Аталған орталықта Дәулет тек өзі жаттығып қана қоймай, шәкірттерін де жаттықтырған.

Айжан Қалиева, Нұр-Сұлтан

Серіктес жаңалықтары