Алматыда қоқыс полигонында көміліп қалған ер адам көз жұмды
Қайғылы жағдай кеше күндіз «Кенжехан» базарының маңында болған
Алматыда ер адам қоқыс полигонында көміліп қалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Қоқыс қалдықтарына көміліп қалған жігітті іздеуге 12 адамнан тұратын құтқарушылар тобы және екі кинологиялық экипаж жұмылдырылған. Үйінді астында қалған жігітті құтқарушылар аман алып қала алмады.
Қайғылы жағдай кеше күндіз «Кенжехан» базарының артында болған. Ер адам бірнеше сағат үйінді астында жатқан. Бұл аумақ екі мыңыншы жылдарға дейін қаланың қоқыс қалдықтарын төгіп келген полион болған еді. Алайда осыдан 6-7 жыл бұрын қала билігі полигонның орнына базар салуға рұқсат берген. Қазір бұл жерде «Арлан», «Кенжехан», «Қазына» сынды бірнеше базар жұмыс істеп тұр.
«11 ақпанда сағат 14:50-де Алматы қаласы Құтқару қызметі жедел кезекшісінің басқару пультіне көмекке шақыру түсті. Қоңырау шалушы жер қазу жұмыстары кезінде Алатау ауданында орналасқан «Кенжехан» базарының артындағы қоқыс аумағында ер адамның қалып кеткенін, оған көмек керек екенін айтты. Оқиға орнына жеткен құтқарушылар іздеу-құтқару жұмыстарын жүргізе бастады. Құтқару жұмыстары кезінде ер адамның денесі табылды, ол үйінділердің арасынан шығарылып, полиция мен жедел жәрдем қызметкерлеріне тапсырылды», - деді Алматы қалалық Құтқару қызметінің баспасөз қызметі.