$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
11.02.2021, 02:29
Оқиғалар

Алматы маңында арыстан ұстаған адам жауапқа тартылатын болды

Шаруа қожалығында табылған арыстанды Шымкент хайуанаттар бағы қабылдауға дайын

Алматы облысындағы шаруа қожалығының бірінде табылған арыстан Алматы зообағына жіберілуі мүмкін. Аң патшасын Шымкент хайуанаттар бағы да қабылдауға дайын көрінеді. Бұл туралы облыстық Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы хабарлады. Арыстанды асыраған азамат әкімшілік жауапқа тартылады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Арыстан туралы ең алғашқы хабарлама Талғар аудандық полиция басқармасына келіп түскен. Бесқайнар ауылындағы шаруа қожалықтарының бірінде қамауда жүрген жыртқыш аңды жергілікті тұрғындар байқапты. Аңның иесінде ешқандай рұқсат құжаты болмай шықты. Аң патшасының Қазақстанға қашан және қандай жолмен жеткізілгені де белгісіз. 

«Қазіргі таңда арыстанның иесі Алматы қаласының 28 жастағы тұрғыны екені анықталды. Дерек негізінде ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 389-бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Іс материалдары орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясына жіберілді», - деді облыстық ІІД Ресми өкілі Ернар Сайдилдин.

Әкімшілік құқық бұзу кодексіне сәйкес жеке тұлғалардың жабайы аңдарды елімізге кіргізуіне немесе шет елге шығаруына, асырауына рұқсат етілмейді. Егер заңды бұзса он айлық есептік көрсеткіш көлемінде айппұл төлейді. Қазіргі уақытта 3 жасар арыстанның жалпы ахуалы жақсы. Жыртқышты зообаққа орналастыру жұмысы аяқталғанша, ол иесінде қалады.

«Алматы қаласына деп басшылық солай сұрап отыр. Алматы қаласы әкімдігімен, зоопарк басшылығымен келісім жүргізіп жатыр. Шымкент зообағы да қабылдауға дайынбыз деп отыр», - деді облыстық Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекция басшысының орынбасары Нұрқуат Қонысбаев.

Зоолог мамандардың айтуынша, арыстан сияқты жыртқыш аңды сатып алуға немесе асырауға заңды мекемеге ғана рұқсат етіледі. Жабайы аңның қай елден алынғаны, асыранды немесе табиғаттан ұсталғаны, Қызыл кітап тізімінде бар-жоғы туралы мәлімет жазылған ветеринарлық құжаты болуы шарт.

«Өткен жылы елімізге оншақты тотықұс, лимур, жолбарыс пен маймылдар жеткізілді. Бірақ барлығы хайуанаттар бағы мен жекеменшік питомниктерге орналастырылды. Заңға сәйкес ресми рұқсат құжаттары бар. Бірақ жыртқыш аңдар өте сирек келетінін айта кетейік. Жеке тұлғалардың асырап, ұстауына рұқсат етілмейді. Десе де, қазір жыртқыш аңға құмар кәсіпкерлерде ішінара кездесіп тұрады», - деді ҚР Зоология институтының ғалымы Марина Чирикова.

Елімізде бұған дейін де арыстанды заңсыз асыраған жағдайдар  болған. Мысалы, екі жыл бұрын Алматы қаласының тұрғыны «Арыстанның 1 айлық аланын 10 мың долларға сатамын» деп әлеуметтік желіде саудалаған еді. Ал өткен жылы далада емін-еркін жүрген арыстан Ақтау қаласы тұрғындарының зәресін ұшырды. Жыртқыштың иесі табылып, әкімшілік жауапқа тартылды. Симба есімді ол арыстан Алматы хайуанаттар бағына жеткізілді. 

Енді Алматы облысының Бесқайнар ауылынан анықталған арыстанға да осы хайуанаттар бағынан орын табылуы ықтимал. Зообақ мамандары жыртқыштың ахуалын тексеріп қайтыпты.

 
Серіктес жаңалықтары