$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
11.02.2021, 01:28
Оқиғалар

Мақтааралда жоғалған жасөспірім қыз Нұр-Сұлтан қаласынан табылды

Ата-анасы қызын күні бойы іздеп таба алмаған соң, полициядан көмек сұраған

Мақтааралда жоғалған жасөспірім қыз Нұр-Сұлтан қаласынан табылды

Мақтааралдық полицейлер жоғалған жасөспірім қызды Нұр-Сұлтан қаласынан тапты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Түркістан облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мақтаарал АПБ-не жергілікті тұрғын арызданып, ұшты-күйлі жоғалған қызын тауып беру туралы көмек сұраған. Анасының айтуынша, 17 жасар қызы түскі уақытта үйінен сыртқа шығып кетіп, қайтып оралмаған. Ата-анасы жасөспірімді күні бойы іздеп таба алмағаннан кейін, полицейлерге хабарлайды.

«Ақпарат алысымен Мақтаарал аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері бірден кәмелет жасына толмаған қызды іздеуге кіріседі. Оның баруы мүмкін жерлерді тексеріп, хабарласуы мүмкін дос-құрбыларынан жауап алады. Туыстарынан сұрастырады. Жоғалған қызды табуға қажетті барлық шараларды іске асырады. Соның нәтижесінде қыз Нұр-Сұлтан қаласындағы көшелердің бірінен табылды. Мақтаарал қаласына жеткізіліп, ата-анасына тапсырылды», - делінген хабарламада.

Тексеру барысында анықталғандай, жасөспірім қыз өзінің сөйлесіп жүрген жігітімен Нұр-Сұлтан қаласына бірге кеткен.

Өз кезегінде қызының дін-аман табылғанына қуанған анасы полицейлерге алғысын білдірді.  

Түркістан облысының полицейлері барша ата-аналарға кәмелетке толмаған ұл-қыздарымен өтпелі кезеңде түсіністікпен тілдесіп, олармен дос болуға шақырады. Жасөспірімдерге үлкендердің рұқсатынсыз үйден алыс кетпеу керек екенін үнемі ескертіп отыруды сұрайды.

Серіктес жаңалықтары