Таразда белгісіз адамның мәйіті табылды

Қазіргі уақытта оның жеке басын анықтау мақсатында жедел-іздестіру іс-шаралары жүргізілуде

Таразда белгісіз адамның мәйіті табылды
Фото: ашық дереккөзден

Кеше Тараз қаласындағы шағын аудандардың бірінен белгісіз адамның өлі денесі табылды. Бұл туралы қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.   

«9 ақпан күні сағат 11:50 шамасында Тараз қаласы Полиция басқармасына жергілікті тұрғыннан облыс орталығындағы Қарасу (5) және Жансая (11) мөлтек аудандарында орналасқан арықтың жағалауынан қайтыс болған адамның мәйіті табылғандығы туралы хабарлама келіп түскен. Аталған дерек бойынша жедел-тергеу тобының қызметкерлерімен арық ішіне қарау жүргізіліп, мәйіттің қалдықтары анықталды», - делінген хабарламада. 

Полиция бөлімшесіне хабар берген кісінің «Жасыл ел - Тараз» мекемесінде жұмыс істейтіні белгілі болды.  Жұмысшылар арықты тазалау барысында қамыстың арасынан адамның мәйітін көріп, тез арада тәртіп сақшыларын шақырған екен. 

«Бұл дерекке қатысты Тараз қаласының Полиция басқармасымен сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмысы басталып, табылған мәйіт сүйектерінің қалдықтарына сот-медициналық сараптама тағайындалды. Қазіргі уақытта оның жеке басын анықтау мақсатында жедел-іздестіру іс-шаралары жүргізілуде», - деп нақтылады баспасөз қызметі.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.