Елордада 25 жастағы әйел жаңа туған шақалағын өлтіргені үшін сотталды
Ол нәрестесін тұншықтырып өлтірген
Нұр-Сұлтан қаласының 25 жастағы тұрғыны жаңа туған нәрестесін өлтіргені үшін бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі елордалық мамандандырылған ауданаралық сотқа сілтеме жасап.
Ол 2020 жылдың 22 тамызында ұл баланы пәтеріндегі дәретханада дүниеге әкелген. Арада аз ғана уақыт өткен соң, жедел жәрдем бригадасы жаңа туған нәрестенің өлімін тіркеген. Полиция Қылмыстық Кодекстің 99-бабы 3-бөлігі «Нәрестені өлтіру» ісі бойынша қылмыстық іс қозғап, 2021 жылдың қаңтарында істі Нұр-Сұлтан сотына жіберді.
«С.есімді азаматша босанудан кейінгі психотравмалық жағдайда өзінің жаңа туған шақалағын тұншықтырып өлтірген. Ол жуынатын бөлмеде өзін-өзі босандырған. Көрші бөлмеде ағасы, келіні және анасы болған. С.есімді азаматшаның психотравматикалық, қорқыныш жағдайында болғанын сот психологиялық-психиатриялық сараптамасы мен сарапшылар қорытындысы растады.
Азаматша орта ауырлық сипаттағы қылмыс жасағанын, өкінгенін және оның денсаулық жағдайын (қант диабеты – 1 дәрежелі, семіздік, оның салмағы – 140 келі) ескере отырып, сот оны 2 жылға бас бостандығынан айырды», - делінген хабарламада.
Айта кетерлігі, сотта жас ана өзінің жүктілігі туралы мүлдем білмегенін айтқан. Салмағы шамамен 130-140 келі болғандықтан, ол өзгерістерді байқамаған-мыс.
Сондай-ақ азаматшаның айтуынша, бала көк түсті болып, бірден өлі туылған.
Ал сараптама баланың ауыз қуысы мен мұрын қуысын жабу арқылы механикалық асфиксиядан қайтыс болғанын анықтады.
Сот Қылмыстық кодекстің 100-бабы «Жаңа туған баланы анасының өлтіруі» сәйкес, сотталушыны екі жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды.