$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
08.02.2021, 22:24
Оқиғалар

Атырауда апатты үй тұрғындары облыс әкімдігінің алдында шу шығарды

Тұрғындар 5 жылдан бері жергілікті әкімдіктің түк бітірмей отырғанына ашулы

 

 

Атырауда апатты үй тұрғындары облыс әкімдігінің алдында шу шығарды
Көрнекі сурет

Атыраудағы Құлсары қаласының апатты үй тұрғындары бүгін облыс әкімдігіне келіп айғай шығарды. Бұқара 5 жылдан бері жергілікті әкімдіктің түк бітірмей отырғанына ашулы, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Астана» телеарнасына сілтеме жасап.  

Олардың айтуынша, атқамінерлер «Ауданда баспана жоқ, сондықтан оның орнына ақша береміз» деп уәде еткен. Содан бері неше әкім өзгергенімен, бірақ мәселе шешілер емес деді. Үйінді астында қалудан қорыққан құлсарылықтардың көпшілігі пәтер жағалап кеткенін айтады.

Шыдамы шегіне жеткен ашулы топ Құлсары қаласынан арнайы келіпті. Айтуларынша, тозығы жеткен баспананы мамандар «апатты» деп танығалы 5 жылдан асқан. Жаңасын береміз деген жергілікті атқамінерлердің де уәдесі орындалмай келеді. Содан бері 3-ші әкім ауысып үлгерген. Тағаты таусылғандар бүгін тайлы тұяғы қалмай, аязды күнге қарамастан, қаншама шақырым жолды артқа тастап облыс әкімдігіне келді. Араларында сексеннен асқан кейуана мен балаларын үйінде сыртынан құлыптап кеткен жас аналар да бар.

«Өзімнің көзім көрмейді, құлағым естімейді. Шалым бүкіл құжатты жасатты, «апатты үй» деп құжатын 2019 жылға шығарды», - дейді Құлсары қаласының тұрғыны Жаңыл БАЗАРБАЕВА.

«Тұруға келмейді. Қабырға жарылып кеткен. Су ағады. Сылағы түсіп жатыр. Осы айда пәтерге төлейтін ақша жоқ. Мен сол үйдің дәл қасынан бір бөлмелі үй жалдап отырмын. Жалдап отырған үйге үш балам мен ауру енемді кілттеп келіп отырмын», - дейді тағы бір тұрғын Данагүл АМАНИЯЗОВА.

Салынғанына 34 жыл болған 5 қабатты үйдің тұрғындарын көшіруге ауданда жаңа баспана болмаған. Сондықтан әкімдік былтыр 1 бөлмелі пәтерге 4 млн, екі бөлмеге - 6 млн, 3 бөлмеге 7 млн теңге береміз деп уәде еткен. Сол қаражатқа өз беттерінше үй табуға кеңес беріпті. Алайда мемлекеттік сатып алу жүйесіне талдау жасаған сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдері, бұл соманы көп көрсе керек. Құзырлылар  әрқайсынан бір миллион теңгеден шегертуге ұсыныс жасаған. Бұл шешім онсыз да қауіппен күн кешіп жатқандардың ашуын тудырған.    

«Олардың беріп тұрған сомасына Құлсарыдан біз үй ала алмаймыз, біріншіден. Шіріген үйден шығып, тағы бір шіріген үйге бара алмаймыз, екіншіден. Біз апатты үйден шығып, тағы бір үйді берейін деп тұрған шығар», - дейді Құлсары қаласының тұрғыны.

Тозған үйден шаршаған бұқараның журналистермен тілдесуіне шенділер қайта-қайта кедергі келтірді. Олар жиналғандарды ішке шақырды. Бірақ БАҚ өкілдері кірмейді деп кесіп айтты.  

Қазір Жылыой ауданы жарияланған мемлекеттік сатып алу конкурсы тоқтап тұр. 50 пәтер алуға бюджеттен 314 млн теңгеге бөлмек болған. Жемқорлыққа қарсы қызмет 1 бөлмелі пәтерді 3,5 млн-ға  алуға болатынын, сонда 74 млн теңгесін үнемдей алатынын ескерткен.

«Пәтерлерді сатып алу кезінде нақты бағаны жасанды өсіру анықталды. Негізсіз өсірген. Осы ретте біз, депаратмент өкілдері ұсыныс ретінде хат жолдадық. Жылыой аудандық әкімдігіне осы көрсетілген соманы қарап, зерделеу жөнінде ұсыныс білдірдік. Нарықтағы бағаны қараған уақытымызда 1 бөлмелі пәтердің 3,5 млн екені анықталды. Ал порталда 4 млн деп көрсетілген», - деді Атырау облысы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің басқарма басшысы Жәнібек ҚАРАЖАНОВ.  

Облыс әкімдігіндегі осы айқай-шудан соң базыналы тұрғындарды аймақ әкімінің орынбасарлары қабылдады. Шенеуніктер кешкі сағат 5-ке дейін уақыт сұрап, нақты шешім қабылдау туралы келісімге келді.

Алайда тұрғындар күпті көңілмен тарқасты. Олар апатты үйдің орнына тағы да коммуналдық проблемасы қат-қабат баспанаға ұрынамыз ба деп қауіптенеді.
 

Серіктес жаңалықтары