$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
04.02.2021, 18:18
Оқиғалар

Павлодарда жасөспірімдер уланған орталықтың 4 қызметкері жұмысынан босатылды

Антисептиктен уланған үш қыздың бірі қайтыс болды

Павлодарда жасөспірімдер уланған орталықтың 4 қызметкері жұмысынан босатылды

Білім беру басқармасының басшысы Дінислам Болатханұлы Павлодардағы өмірлік қиын жағдайға тап болған балаларды қолдау орталығында уланған 3 қыздың оқиғасына байланысты мекеменің 4 қызметкері жұмысынан босатылғанын мәлімдеді. Бұл туралы pavlodarnews.kz хабарлайды.

«Өздеріңізге белгілі, 2 қаңтарда Павлодардағы қиын жағдайға тап болған балаларды қолдау орталығында қайғылы жағдай орын алды. 3 қыз уланып, біреуі көз жұмды. Ол ата-анасының қамқорлығынсыз қалған қыз. Ата-анасы құқығынан айырылған. Қазір бұл іс бойынша қылмыстық кодекстің 371-бабына (ауыр жағдайға әкелген жұмысқа салақ қарау) сәйкес тергеу амалдары жүріп жатыр», - деді Дінислам Болатханұлы.

Басқарма басшысының айтуынша, қазір аталған орталықтың 1 медбикесі, 2 тәрбиешінің көмекшісі, күзетші жұмысынан кеткен. Орталық басшысы жұмыстан босату туралы өтініш берген.

«Бұл қызметкерлер өз еріктерімен жұмыстан босату туралы өтініш берді. Әрі қарай жұмыс жасағысы келмейді», - деді Дінислам Болатханұлы.

Уланған қыздар Павлодардағы облыстық өмірлік қиын жағдайға тап болған балаларды қолдау орталығына өткен жылдың қазан айында келген. Бір қыз әрі қарай Шығыс Қазақстан облысындағы «девиантты мінез-құлықты балаларға арналған облыстық арнайы мектеп-интернатына» жіберілуі керек болған.

Айта кетейік, өткен жылы аталған орталықта бейнебақылау камераларын орнату бойынша көпшілік арасында дау туған болатын.

«Менің жатын бөлмелерде бейнебақылау камералары болған кезде бұл жағдайдың алдын алу мүмкін болар ма еді деген жеке ойым бар. Алайда, бұл мәселе өткен жылы резонанс тудырып, шешім бойынша камераларды алып тастағанбыз. Бірақ заң талабына сай орталықтың аумағы, дәліздер көрініп тұратындай камералар бар», - деді Дінислам Болатханұлы.

Сондай-ақ басқарма басшысы қыздардың антисептик ішіп уланғанына қатысты пікір білдірді.

«Балалар антисептик ішеді деген ешкімнің ойына келмейді. Алайда, антисептик барлық жерде қолжетімді орында тұру керек. Ол соған арналған. Кірген кезінде антсептикті қолданып, қауіпсіздігін қамтамасыз етуі тиіс. Бұл сабақ болды», - деді басқарма басшысы.

Павлодар облысында өмірлік қиын жағдайға тап болған балаларды қолдауға арналған 2 орталық бар. Орталықтарда 73 бала тұрады. Павлодардағы орталықта – 29, Екібастұздағы орталықта – 44 бала бар. Орталыққа 3-18 жас аралығындағы балалар келеді. Орта есеппен әр бала орталықта 3-6 ай аралығында болады. Оған қоса, орталықта тұрақты болатын топ бар. Ол топта 10 бала бар.

Серіктес жаңалықтары