Алексей Цой ШҚО-да қаза тапқан жедел жәрдем қызметкерлерінің отбасына көңіл айтты
Жол апатына қатысты қылмыстық іс қозғалды
Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой ШҚО-да жол апатынан қаза тапқан жедел жәрдем бригадасының дәрігері мен фельдшері – Болат Әзілханов пен Бейбіт Ғабдуллиннің жақындарына көңіл айтты.
«Денсаулық сақтау министрлігі ұжымының және жеке өз атымнан Шығыс Қазақстан облысында көлік апатынан қаза тапқан жедел жәрдем қызметінің дәрігерлері мен фельдшерлердің отбасына қайғыра көңіл айтамын. Бұл трагедия дәрігер болудың қаншалықты қауіпті екенін көрсетті. Ауа-райының қолайсыздығына, жұмыстың ауырлығына, шаршағанына қарамастан, дәрігерлер өз кәсібін қашан да адал атқарады», - деп жазды ол.
Министр ШҚО-дағы қайғылы оқиға медицина қызметкерлерінің қауіпсіздігі жайлы тағы бір ойлануға түрткі болып отырғанын айтты.
Еске сала кетейік, қазір Семей қаласындағы аурухананың жансақтау бөлімінде жол апатынан зардап шеккен жатқан жедел медициналық жәрдем көлігі жүргізушісі жатыр.
Жол апаты 3 ақпанда сағат 19:25 шамасында болған. Schmitz тіркемесі бар DAF маркалы жүк автомобилінің 29 жастағы жүргізушісі Өскемен-Семей трассасы бойымен Өскемен қаласы жағынан Семей қаласы бағытында 140/58 километрде қолайсыз ауа райы жағдайында, төмен бұрқасын, көктайғақ кезінде басқаруды игере алмай, қарсы қозғалыс жолағына шықты. Онда ГАЗ - A31R23 жедел медициналық жәрдем автомобилімен соқтығысқан.