ШұғылЕлімізде өткен тәулікте 855 адамнан коронавирус анықталды

Жанболат Ағаділдің өліміне қатысты ашық сот отырысы 22 ақпанда өтеді

Бүгін елордада осы қылмыстық іс бойынша сот отырысы басталды

Фото: ашық дереккөзден

Бүгін Нұр-Сұлтанда Жанболат Ағаділдің өліміне байланысты сот отырысы басталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі елордалық Мамандандырылған ауданаралық соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Қылмыстық істе 6 айыпталушы бар. Олар: Серік Назарбеков, Сержан Әбілдаев, Мадияр Сыдық, Азамат Жұмахан, Самат Асболат және Өміржан Рахмет. Күдіктілерге төрт бап бойынша айып тағылған: 293-бап (Бұзақылық), 99-бап (Адам өлтіру), 432-бап (Қылмысты жасыру), 434-бап (Қылмысты хабарламау)», - деді соттың баспасөз хатшысы.

Істі Нұр-Сұлтан қаласы Мамандандырылған ауданаралық сотының қылмыстық істер бойынша судьясы Қыдырбек Әлхожаев жүргізіп жатыр.

Еске салайық, 2020 жылдың 10 қарашасында Нұр-Сұлтан қаласы Көктал ықшамауданында төбелес болған. Сол оқиға кезінде азаматтық белсенді, марқұм Дулат Ағаділдің 17 жастағы ұлы Жанболат Ағаділ пышақ жарақатын алып, қайтыс болды.

Тергеу-жедел тобы жанжалдың ЖШС жұмысшылары мен Талапкер елдімекенінің жастары арасында болғанын анықтады. Ақмола облысына қарасты Талапкер елдіекененінен 20 шақты жігіт Көктал ықшамауданындағы жұмысшылар тұратын орынға келген. Жанжалдың соңы төбелеске ұласқан.

Талапкерден келген жігіттердің қатарында Жанболат Ағаділ де болған. Ол пышақ жарақатын алып, жедел-жәрдем келгенше оқиға орнында көз жұмды. Жанжалдың шығуына не себеп болғаны белгісіз. 
Аталған фактіге қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 293-бабы 3-бөлігі («Бұзақылық» бабы), 99-баптың 2-бөлігі («Кісі өлтіру») бойынша қылмыстық ісі қозғалды. 

Кісі өлтіру фактісі тіркелген соң, Ішкі істер министрлігі тергеу департаментінің басшысы Санжар Әділов негізгі 3 күдіктінің ұсталғанын хабарлады. 

«Төбелеске қатысқан үшеу, оның ішінде кісі өлтірді деген күдікпен біреуі Нұр-Сұлтан полиция бөлімінің уақытша ұстау изоляторына қамалды», - деген еді ІІМ өкілі. 

Санжар Әділовтің айтуынша, бұл іске қатысты жиналған материалдар бойынша күдіктілердің кінәсі дәлелденген.

«Төбелеске қатысқан күдіктілер, сондай-ақ кәмелетке толмаған адамды өлтірді деген күдіктінің аса ауыр қылмыс істегені толықтай әшкереленді», - деді Санжар Әділов. 

Айта кетейік, төбелес кезінде жарақат алып, мерт болған Жанболат Ағаділ – 2020 жылдың 25 ақпанында уақытша қамау изоляторында қайтыс болған Дулат Ағаділдің ұлы.

Жанболат Ағаділдің өлімінен кейін еліміздің бірнеше қаласында белсенділер бұл істі ашық тергеуді талап етті. 

Нұр-Сұлтан қаласы Мамандандырылған ауданаралық сотының баспасөз қызметі келесі сот отырысы 22 ақпанда 10:00-де ашық режимде өтетінін айтты. Қатысушылар ПТР-тест тапсырып, бірнеше күн бұрын сотқа қатысатынын ескертуі тиіс.

Оқи отырыңыз: Жанболат Ағаділдің өліміне қатысты күдікті қамауға алынды - ІІМ

Сымбат Ғалымжан, Нұр-Сұлтан