ШұғылҚазақстанда тағы 658 адамнан коронавирус анықталды

Ақтөбе облысында есірткінің ірі партиясы тәркіленді

Полицейлер тұрғынның пәтерінен салмағы 10 келіге жуық есірткі тапты

Фото: ашық дереккөзден

Ақтөбелік полицейлер есірткінің ірі партиясын тәркіледі, деп хабарлайды Polisia.kz.

Ақтөбе облысы ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері ҚР ІІМ Ұлтық ұланның арнайы бөлімшесімен бірлесіп, мақсатты бағытталған жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында Ақтөбе облысының аумағында аса ірі мөлшерде “марихуана” және “наша” есірткі заттарын тасымалдаумен, сақтаумен және өткізумен айналысатын қылмыстық топты құрықтады.

Ақтөбе қаласында 40 жастағы жергілікті тұрғын ұсталып, оның автокөлігінің салонын тексеру барысында жалпы салмағы үш келіден астам кептірілген марихуана табылып, тәркіленді. Сондай-ақ, күдікті тұрған пәтерді тексеру кезінде жалпы салмағы 15 келіден астам кептірілген марихуана табылды. Ол оны сату мақсатында заңсыз сатып алып, сақтаған. 

«Кейін, полиция қызметкерлері Батыс-2 шағын ауданындағы үйлердің бірінің ауласынан тағы бір күдіктіні ұстады. Тексеру барысында полицейлер күдіктінің көлігінен марихуана тапты. Сонымен қатар, полиция қызметкерлері оның пәтерінен жалпы салмағы 10 келіге жуық есірткі тауып тәркіледі. Одан кейін күдіктінің туыстарының тұрғылықты жеріне тінту жүргізу кезінде жалпы салмағы 147 келі кептірілген марихуана табылды. Олар есірткіні ыдыстарда да жасырған. Заңсыз айналымнан жалпы салмағы 165 келіден астам марихуана мен шамамен 10 келіден астам наша тәркіленді», - делінген хабарламада.

Аталған фактілер бойынша ҚР ҚК-нің 296-бабының 4-бөлігімен (Есірткі құралдарын, психотроптық заттарды, сол тектестерді аса ірі мөлшерде өткізу мақсатынсыз заңсыз дайындау, қайта өңдеу, сатып алу, сақтау, тасымалдау) сотқа дейінгі тергеу басталды.

Жыл басынан бастап елімізде полиция қызметкерлері есірткінің заңсыз айналымы саласындағы 90-ға жуық қылмысты анықтады, оның 59-ы есірткіні сату фактісі, 28-і сақтау және 6-ы контрабанда болып табылады.

Тәркіленген есірткінің жалпы салмағы 340 келіден асады, оның 77 келіге жуығы гашиш және 600 грамы героин болған.