$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
29.01.2021, 02:56
Оқиғалар

Түркістан облысында өзгенің көлігін заңсыз айдап кеткен алматылық ұсталды

Тағы бір арызданушы қойының ұрланғанын хабарлаған

Түркістан облысында өзгенің көлігін заңсыз айдап кеткен алматылық ұсталды

Түркістан облысының полицейлері жергілікті тұрғынның көлігін заңсыз айдап кеткен алматылық азаматты ұстады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Қазығұрт аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғындар арызданып, мал бағуға жұмысшы болып жалданған ер адамның бағалы дүниелерді жымқырып кеткенін жеткізеді.

Жәбірленушінің бірінің айтуынша, оның жайылымдағы мал қорасы жанында тұрған «Ауди 80» маркалы көлігін алматылық азамат заңсыз айдап кеткен. Көліктің ішінде ұялы телефон болған. Келесі арызданушы бір қойы ұрланғанын хабарлаған», - делінген хабарламада.

Полицейлер аталған жайттарды ҚР ҚК-нің 200-бабы «Автомобильдi немесе өзге де көлiк құралын жымқыру мақсатынсыз құқыққа сыйымсыз иеленіп алу» және 188-бабы «Ұрлық» бойынша сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне тіркеді.

Қазығұрт АПБ-ның КПБ қызметкерлері осы іс бойынша жедел-іздестіру шараларын бастап кетті. Оқиға орнын шолып шығып, куәгерлерден сұрастырды. Полиция қызметкерлерінің қырағылығының арқасында көлік Тараз қаласы көшелерінің бірінен табылды. Алайда көлікте ешкім болмаған. Тәртіп сақшылары іздестіру жұмыстарын қайта жалғастырады. Қылмысты толық ашып, күдіктіні құрықтауға байланысты шаралар іске асырылады.

Соның нәтижесінде, күдікті Алматы қаласында жасырынып жүрген жерінен ұсталды. Аудандық полицейлер оны Қазығұрт полиция бөліміне жеткізеді. Ол бұрын сотты болған, Алматы қаласының тұрғыны болып шықты.

Тергеу барысында анықталғандай, ер адам Қазығұрт ауданына жұмыс істеуге келген. Содан қасында мал бағып жүрген тұрғынның көлігін және жұмыс ұсынған адамның қойын артып, бірден жоқ болған. Көлікті Тараз қаласына тастап кетіп, ішіндегі ұялы телефонды, 1 бас қойды сатып жіберіп, ақшасын өз қажеттілігіне жұмсаған. Полицейлер көлікті өз иесіне қайтарған.

Қазіргі таңда тергеу амалдары жүргізілуде. Күдікті қамауға алынды.

Серіктес жаңалықтары