Алматы қалың қардың астында қалды (ФОТО)
Қалада қалыңдығы 15 см қар жауған
Алматы қалың қардың астында қалды. Көшелерді омбы қардан тазартуға 2 мыңға жуық жұмысшы шықты.
«Қар таңғы төрт жарымнан жауа бастады. Таңғы 9-дағы жағдай бойынша қалада қардың қалыңдығы 10 сантиметрге жеткен. Көктайғақтың алдын алу үшін жолдарға, қиылыстарға, жолайрықтарының кіре берістеріне мұзды ерітетін материалдар себілді, түскен қар бірден сыпырылып, тазартылды. Көктайғаққа қарсы 2650 м3 материал қолданылды.Тротуарларды, жаяу жүргіншілер аймақтарын, қоғамдық көлік аялдамаларын, автотұрақ «қалталарын», жер үсті өткелдерін, саябақтар мен скверлерді қардан тазарту жұмыстары жүріп жатыр»,- деп хабарлады Алматы қаласының баспасөз қызметі.
Таулы, тау бөктерінде аудандардаы, сондай-ақ жаяу жүргіншілер аймақтарында жауған қар бірден сыртқа ша шығарылуда.Таңғы қарбаласта қар тазалау жұмыстары аяқталған соң сағат 9:00-ден бастап жол полициясы патрульдік машиналарының еріп жүруімен қар тазалайтын колонналар ұйымдастырылды. Қаланы қардан аршуға арнайы 630 техника, оның ішінде 234 құм лақтырғыш, 1907 жол жұмысшысы жұмылдырылды. Аудандар әкімдіктері мен қала әкімдігінде қар тазалау жұмыстарын тәулік бойы бақылайтын кезекшіліктер ұйымдастырылған.
Қазгидрометтің болжаунша, бүгін ауа температурасы күндіз минус 2 градусқа дейін суық болады. Ал қар кешке дейін жауады деп болжанған.